Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марк Рубиомен және Дональд Трамп Әкімшілігінің басқа да өкілдерімен кездесті деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

"Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтонға сапары Мемлекеттік хатшы Марк Рубиомен, Сауда министрі Говард Латникпен, сондай-ақ АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азиядағы арнайы өкілі Серджио Гормен кездесуден басталды. Басқосуға қатысушылар екіжақты және өңірлік күн тәртібінің басты аспектілері жөнінде пікір алмасты", – делінген Ақорданың ресми хабарламасында. 

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қазақстан мен АҚШ үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға, өнеркәсіп пен бизнесті қолдауға септігін тигізетін экономикалық ықпалдастық арқылы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға орайлы мүмкіндік туғанын атап өтті. 

Президенттің айтуынша, еліміз АҚШ-пен түрлі деңгейде белсенді саяси байланыс орнатқан әрі сан қырлы ынтымақтастықты тереңдету бойынша конструктивті диалог жүргізуге дайын.

Сондай-ақ, бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы және Америка Құрама Штаттары арасында аса маңызды минералдар саласы бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен АҚШ Сауда министрі Говард Латник қол қойды.

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі