Бүгін Ақордада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Конго президенті Дени Сассу-Нгессо бұқаралық ақпарат құралдары үшін брифинг өткізіп, екі тараптың бірқатар ұсыныстарын жария етті, деп хабарлады Ақорда.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Тоқаев Астана мен Браззавиль арасында мәдени-гуманитарлық байланыс орнату өте маңызды деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Конго жастарына Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуды ұсынғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар Тоқаев Конго басшысының орман өсірудің және орманды қалпына келтірудің жаһандық онжылдығын жариялау туралы бастамасына қолдау білдірген.

"Бұл сапар Қазақстан мен Конгоның қарым-қатынастарына тың серпін береді деп санаймын. Сонымен қатар Орталық Азия мен Африка арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсуге ықпал етері сөзсіз. Біз бір-бірімізді қолдап, табысқа бірге жететінімізге сенімдімін", – деді Тоқаев.