Қарағандылық UEL Team фиджитал футбол командасы 2025 жылы Абу-Дабиде өтетін халықаралық Болашақ ойындарына қатысуға мүмкіндік алды. Команда елордада өткен іріктеу турнирінде топ жарып, Қазақстан атынан жолдама иеленді, деп хабарлады "Болашақ ойындары – 2026" дирекциясының баспасөз қызметі. 

Road to Abu Dhabi деп аталған бұл турнир елордалық Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтті. Додаға барлығы сегіз команда қатысып, екі күн бойы өзара мықтыны анықтады.

Жарыс нәтижесі бойынша:

  • I орын – UEL Team (Қарағанды);
  • II орын – ФКС Қарағанды;
  • III-IV орындар – The_OLIMPIACOS және Team Novaq. 

Фиджитал футбол – заманауи спорттың қарқынды дамып келе жатқан бағыты. Бұл формат цифрлық (компьютерлік) және физикалық (нақты алаңдағы) футболды біріктіреді. Турнир ережесіне сай, командалар алдымен компьютерлік симуляцияда екі тайм ойнап, дәл сол есеп сақталған күйде алаңда тағы екі тайм өткізеді.

Фото: "Болашақ ойындары – 2026" дирекциясы

UEL Team командасының жаттықтырушысы Арман Пирманов қарсыластарының деңгейі өте жоғары болғанын атап өтті:

"Біз өте мықты қарсыластармен ойнадық. Басқа командалардың құрамында танымал футзалшылар, тіпті арнайы шақыртылған ойыншылар да болды. Кейбір командалар тек киберспортқа көңіл бөлсе, біз екі бағытқа да – виртуалды ойын мен алаңдағы футболға – бірдей дайындалдық. The_OLIMPIACOS пен Team Novaq – тәжірибесі мол командалар, сондықтан біз бұл жарысқа барынша жауапкершілікпен қарадық. Өйткені Абу-Дабиде өтетін финалдық турнирде 1 миллион доллар көлемінде үлкен жүлде сарапқа салынады. Алда дайындалуға әлі уақыт бар. Сол мүмкіндікті жақсы пайдаланып, Болашақ ойындарында жүлделі орын алуға тырысамыз", – деді ол.

2025 жылғы Абу-Дабидегі Болашақ ойындарына Қазақстаннан үш команда қатысады деп жоспарланған. Оның бірі – 2024 жылы Қазанда өткен турнирде фиджитал шутерден жеңіске жетіп, жолдама алған ұжым. Қалған екі команда іріктеу турнирлерінің қорытындысы бойынша анықталады.

Айта кетейік, 25-26 шілде күндері елордада фиджитал баскетболдан да іріктеу турнирі өтеді. Жарыс сағат 10:00-де басталады, көрермендер үшін кіру тегін.

2026 жылдың шілдесінде Астанада өтетін Болашақ ойындарына әлемнің 100-ге жуық елінен спортшылар қатысады деп күтілуде. Жарыс 13 фиджитал дисциплина бойынша ұйымдастырылады.