Қарағандыда коттеждегі туған күнді тоқтатпақ болған мобильді топты қонақтар қуып шыққан
Полиция бөліміне жеткізілген азаматтарға әкімшілік айыппұл салынды.Қарағандыда коттеждегі шараны тоқтатпақ болған мониторинг топ өкілдерін үй иелері ішке кіргізбей қойған. Той иесі полицейлерге бой бермей, оларды далаға жұлқылап шығармақ болды. Ал қазақстандық әншілер мен танымал адамдар шақырған кештерден бас тарта алмай жүр. Тіпті өздері қатысқан кештің видеосын әлеуметтік желіде жарыса бөлісіп жатыр, деп хабарлайды 31-арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Қарағандыдағы "Күнгей" ауданында 100 адам лық толған коттеджде туған күн тойланып жатқан. Мұны естіген мониторинг топ өкілдері думанды шараны тоқтатуға келген. Осы кезде бес азамат олардың ішке кіруіне кедергі келтіреді. Мобильді топ шақырған полицейлерге де бой бермеген.
Мониторинг тобы өкілдері тексеріс кезінде осындай келеңсіз жағдайға жиі тап болатынын айтады. Демалыста тексерген әр бесінші мейрамханада қарсы шыққандар болған.
"Мобильді топ қызметкеріне заңға қайшы әрекет жасаған адамдарды оңтүстік шығыс полиция бөліміне жеткізді. Аталған азаматтарға әкімшілік айыппұл салынды", – деді Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Хәлел Әкімжанов.
Бұдан өзге "қызыл қоңыр" аймақтағы Алматыда жұлдыздардың қатысуымен бургер орталығы ашылды. Желі қолданушылары белгілі әртістердің желідегі жазбаларын көріп, карантин шараларын сақтамағандары үшін шағымданған. Жұрттың шағымынан соң бақылау тобы мейрамхана иелерімен түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Бірақ тұсаукесерге қатысушылар мен танымал адамдарға қандай шара қолданатыны әзірге белгісіз.
Есесіне Павлодарда тәртіп қатаң. Қалада мониторинг топ өкілін көрген қалыңдық ақ көйлегінінің етегін көтеріп тойдан қашып кеткен. Полиция осы думанға жиналған 30 адамға түгел айыппұл салды.
Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз: