Қаңтар оқиғасы кезінде жеті бала оқ жарақатын алды
Алматы қаласында екі бала оққа ұшып көз жұмды.Қазақстанда жеті жасөспірім Қаңтар оқиғасы кезінде оқ жарақатын алды, деп мәлімдеді ҚР денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Байсеркин.
"Алматы қаласында екі бала оқ тиіп көз жұмды және тағы 7 бала әртүрлі оқ жарақатымен ауруханаға түсті. Олардың төртеуі – Алматы, екеуі – Алматы облысы және біреуі – Жамбыл облысында", – деді ол.
Сондай-ақ, Алматы облысында әйел адамның газ шашу салдарынан зиян шеккені белгілі болды.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Лаңкестерді, қарақшыларды халық қаһармандары, батырлары деп айтуға болмайды
Комитет басшысы төтенше жағдай кезінде барлығы 2 740 қазақстандықтың медициналық көмекке жүгінгенін айтты.
"Олардың ішінде 1 843-і амбулаториялық көмек алды. 897-сі ауруханаға жатқызылды және 188-і жансақтау бөліміне түсті. Бүгінгі таңда 891 науқас үйіне қайтарылды және 177 адам медициналық ұйымда көз жұмды", – деді Бауыржан Байсеркин.
Еске салсақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев билік пен құқық қорғау органдарының қоғамдық комиссия жұмысына араласпайтынын мәлімдеді.