Қанат Бозымбаев Алматы облысының әкімі болып тағайындалды
Ол бұған дейін Президенттің көмекшісі болып қызмет атқарған болатын.Алматы облысының әкімі болып Қанат Бозымбаев тағайындалды, деп хабарлады Ақорда сайты.
Қанат Бозымбаев 1969 жылдың 8 қаңтар күні Алматы қаласында туған. Білімі: 1993 жылы – Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген, экономист. ТМД-ның еңбек сіңірген энергетигі.
Еңбек жолын 1993 жылы жекеменшік компанияның экономисі болып бастаған. 1994 жылы – Алматы қаласы әкімінің көмекшісі. 1997 жылы – Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлігіндегі өңірлік саясат бөлімінің бастығы, "Мұнайды тасымалдау жөніндегі "ҚазТрансОйл" ұлттық компаниясы" жабық акционерлік қоғамының жиынтық-қаржылық департаментінің бастығы, экономикалық мәселелер бойынша вице-президенті.
1998 жылдың тамызынан – Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлігіндегі мұнай мен газ департаментінің бастығы. 2000 жылдың наурызынан – Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі. 2001 жылдың қаңтарынан – "KEGOC" ашық акционерлік қоғамының бірінші вице-президенті. 2001 жылдың мамырынан – "KEGOC" ашық акционерлік қоғамының президенті. 2003 жылдың наурызынан – Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығындағы директорлар Кеңесінің төрағасы.
2007 жылдың тамызынан – "Мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі "Самұрық" холдингі" АҚ басқармасының төрағасы. 2009 жылғы 30 қараша – Жамбыл облысының әкімі. 2013 жылдың желтоқсаны – Павлодар облысының әкімі. 2016 жылдың 25 наурызынан бастап – Қазақстан энергетика министрі. 2019 жылдың 18 желтоқсанынан – Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі. 2020 жылдың 1 қаңтарынан – "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ директорлар кеңесінің мүшесі.