Қазақстанда көлік жылдамдығын арттыру, қауіпсіздік белбеуін тақпау, жүріп келе жатқан көліктің терезесінен дененің қандай да бір бөлігін шығару және алда кетіп бара жатқан көлікті басып озуға байланысты айыппұл мөлшері белгіленеді. Әділет министрлігі Ашық НҚА порталында "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын жариялады.

Құжатта көлік жүргізушілеріне қатысты 3 бапқа өзгерістер енгізу көзделген. 

Енді 592-бап бойынша, көлік қозғалысының белгіленген жылдамдығын 80 және одан астам шамаға арттырған жүргізушіге 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Егер жүргізуші аталған тәртіпті бір жыл ішінде қайта бұзса, 60 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді.

"Тек соңғы 2 айда Астана қаласында камералар сағатына 160 шақырым жылдамдықпен қозғалған 14 көлікті тіркеді. Ал 180 км/сағ жылдамдықпен жүрген 4 көлік анықталған. Республика бойынша сәйкесінше мұндай 607 және 72 дерек бар. Осыған байланысты рұқсат етілген жылдамдықты едәуір асыратын тұлғалардың жауапкершілігін қарастыру ұсынылады. Мұндай әрекеттер абайсыз емес, әдейі жасалады", – деп жазылған баптың түсіндірмесінде.


Оқи отырыңыз: Құқық бұзғандар қандай қоғамдық жұмыстарға тартылады? Әкімшілік кодекске жаңа бап енгізіледі


Сонымен қатар, 593-бапта жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамаған жүргізушілерге салынатын айыппұл мөлшері айқындалған.

Жолаушыларды көлік ішіне сыймайтын затты тасымалдау, мұндай затты көліктің терезесі мен төбесінен шығарып қойып тасымалдау, көлік есігін ашып қойып жүру 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Қозғалыс кезінде жүргізуші не жолаушылар көліктің салонынан тыс жерге шығатын болса (яғни, терезеден не есіктен шығып тұру, көлік үстіне шығып алу және тағы басқа жағдайлар), бұл үшін де 10 АЕК мөлшерінде айыппұл бар.

Заң жобасында бұл бап былай түсіндірілген: Қазіргі уақытта түлектердің мектеппен қоштасу кештерін немесе үйлену тойларын өткізуіне орай, кортеждердің қозғалысы кезінде жолаушылар көлік құралының люгінен немесе терезе саңылауларынан шығып, осылайша олардың қауіпсіздігіне немесе тіпті өміріне қауіп төндіретін жағдайлар жиілеп кетті. Қайғылы салдарға жол бермеу мақсатында, олардың басталуын күтпестен, жолаушылар тарапынан мұндай іс-әрекеттерге жол бергені үшін жеке біліктілік белгісін бөлу, сондай-ақ жолаушылардың өздері үшін жеке жауапкершілік көздеу ұсынылады. 

2022 жылы осындай 28 155 құқық бұзушылық анықталған.


Оқи отырыңыз: Қазақстандағы автокөліктердің тең жартысы – ескі


Жол қозғалысы ережесін бұзып, жолдың жүру бөлiгiнiң қарсы бағытта жүруге арналған жағына, оның ішінде кері бұрылып немесе бұрылыс жасап шығу бұзу сынды тәртіп бұзғандарға (596-бап) салынатын айыппұл мөлшері төмендегідей:

  • Кодекстің 46-бабының төртінші бөлігіне сәйкес арнаулы құқықтан айыру қолданылмайтын адамдар жасаған әрекет 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді;
  • көлік құралдарының, жүктердің, жолдардың, жол және өзге де құрылыстардың не өзге де мүліктің материалдық залал келтіруіне әкеп соққан әрекет 9 ай мерзімге көлік құралдарын жүргізу құқығынан айыруға әкеп соғады.

"Іс жүзінде кодекстің 46-бабының 4-бөлігіне сәйкес көлік құралдарын жүргізу құқығынан айыру қолданылмайтын адамдарды әкімшілік жауапкершілікке тарту мүмкін емес. Осыған байланысты мұндай тұлғаларға қатысты айыппұл салуды ұсынамыз", – деп жазылған құжатта.

Бұл өзгеріс 610-баптың 1-бөлігіндегі көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі жазаны алып тастауға байланысты ұсынылған.

Құжат жобасы 13 наурызға дейін қоғам талқысына ұсынылған.