"Қайрат" футбол клубы бас бапкердің ауысатыны туралы тараған ақпаратты жоққа шығарды.

Алматыда Елімай клубымен өткен тең ойыннан кейін әлеуметтік желіде команданың бас бапкері Рафаэль Уразбахтин қызметінен кетуі мүмкін деген қауесет тараған еді. Клубтың баспасөз қызметі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

"Ақпараттық кеңістікте тараған бас бапкердің ауысуы мүмкін екені туралы мәлімет шындыққа сәйкес келмейді. Клуб Рафаэль Уразбахтинге және оның бапкерлер штабына толық сенім білдіреді. Оның қолданыстағы келісімшарты 2027 жылдың соңына дейін жарамды. Қызметіне қатысты ешқандай өзгеріс қарастырылып жатқан жоқ", – делінген ресми хабарламада.

Сондай-ақ клуб мұндай қауесеттерді команда ішіндегі тұрақтылықты бұзуға бағытталған әрекет ретінде бағалады.

"Бұл жарияланымдар клубтың бірлігіне, таңдалған бағытына және алға қойған мақсаттарына әсер етпейді", – деп мәлімдеді клуб өкілдері.