"Қабат-қабат киіммен жүруге мәжбүрміз". Аягөз қаласына жылу әлі толық берілмеген
Азынап тұрған баспанада халық қабат-қабат киіммен жүруге мәжбүр.Абай облысы Аягөз қаласына жылу әлі де толық берілмеген. Өңірде құбыр жарылып, коммуналдық апат болғандықтан балабақша мен мектептер онлайн оқуға көшті, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Көпқабатты және жер үйлердің тұрғындары екі аптадан бері қара суықта дірдектеп отыр. Халық шенеуніктер жылыту маусымына дайын болмай шыққанын айтады. Себебі, қаладағы алты қазандықтың біреуі істен шыққан екен.
Азынап тұрған баспанада халық қабат-қабат киіммен жүруге мәжбүрміз дейді. Тұрғындар тоқ пешін қосып амалдап отырғанымызға екі аптадан асты деп ашулы.
"Өзімннің бес балам бар. Үй деген суық. Дірдек-дірдек етіп балалар онлайн сабақта. Балабақшаға берейік десек онда да жылу жоқ. Не сұмдық, жаз бойы не істейді сонда? Дәл күн суытып, қыс басталатын кезде халықты әуреге салып қояды", – деді Аягөз қаласының тұрғыны Айжан Қызабекова.
Қалада алты қазандық бар. Соның біреуі жылыту маусымына дайын болмай шыққан. Салдарынан құбыр жарылған. Коммуналдық апаттың кесірінен жеті көпқабатты және 50-ден астам жер үй, бір балабақша мен үш мектеп жылусыз қалды. Ұл-қыздар суық мектепте білім алмауы үшін онлайн оқуға көшкен.
"Орталықтандырылған қазандықтың жұмыстарына мердігер мекемесі материалдардың кешіктіріп әкелгендіктен жылу 14 қазаннан бастап беріле бастады. 14 қазанда жылу берілгеннен кейін авария болған соң салдарын тездетіп шешуге барлық күш- жігерімізді салдық. Соның салдарын шешіп, қазірдің өзінде орталық қазандық халыққа толығымен жылу беріліп отыр", – деді Аягөз ауданының әкімі Қайрат Әділбай.
Әкімнің айтуынша, жазда алты қазандық толығымен ауысып, 4 мың метрден астам ескірген құбыр жаңарған екен.