Психолог: Баланы үш жастан асқасын ғана балабақшаға берген жөн
Балалар психологы, BrainFit семинарының авторы Айғаным Қуатқызы Informburo тілшісімен болған сұхбат аясында бірінші рет перзент сүйгелі жатқан әке-аналармен баланы балабақша мен мектепке үйрету, қаржылық сауаттылыққа баулу және киім мен бөлмесінің интерьерін жабдықтауға қатысты кеңестер берді.
– Ата-ананың психоэмоционалдық жай-күйі жаңа туған нәрестеге қалай әсер етеді? Олардың ара-қатынасының гармонияда болуы қаншалықты маңызды?
– Жаңа босанған кезде ғана емес, нәресте құрсақта болғанда да әкесі мен анасының психоэмоционалдық жағдайының тұрақты болуы маңызды. Егер бұл уақытта әйел адам депрессияға түсіп, уайымға салынса, онда "кортизол" аталатын күйзеліс гормоны жоғарылап, баланың болашағына кері әсерін тигізеді. Баламен қарым-қатынаста қарапайым ғана ереже бар: бақытты әке мен ана = бақытты бала. Әсіресе, әке мен ананың өзара қарым-қатынасының жақсы болуы баланы бақытты етеді. Себебі, мида "айна нейрондары" бар. Осы нейрондар арқылы бала басқалардан көргенін миында "бейнелеп", жаңа нейрондық байланыс түзеді. Ата-ана агрессияға бейім, мазасыз болса, бала да тура сондай болып өседі. Осы орайда, "Балаңды емес, өзіңді тәрбиеле" деген қағиданы еске алсақ, артық болмайды.
Қыз бала анаға, ал ұл бала әкеге қарап өседі деп ойлауымыз мүмкін. Кейде бала тәрбиесімен тек әйел адам айналысады деп жатамыз. Бірақ, баланы тәрбиелейтін – үштік. Отбасында ата-ана қарым-қатынасының гармонияда болуы баланың болашақ өміріне үлкен әсерін тигізеді. Махаббат пен мейірімді көріп өскен бала қоғамда еркін, өзіне сенімді болады.
Тағы бір ескеретін нәрсе – біз балаға өзімізде барды ғана береміз. Өзіміздің жан дүниеміздің жақсы энергия, ресурсқа толы болуы да маңызды. Әр адамның жасына байланысты қызығушылығы әртүрлі. Біреу шопинг жасағанда өзін бақытты сезінсе, екіншісі сурет салғанды ұнатады.
– Балаға киім таңдау мәдениетіне тоқталсаңыз. Қыз балаға қандай және ұл балаға қандай киім таңдаймыз? Нені ескеруіміз керек?
– Қазір терапияға алып келетін көптеген баланың өз ойын айта алмайтынын, позициясын білдіре алмайтынын және ересек шақта бастамалар көтере алмайтынын байқаймын. Бала өз ойын ашық айтып үйренуі үшін қарапайым киім таңдауда еркіндік беруден бастауға болады. Мен ересекпін деп авторитарлы стильді ұстанбай балаға өзі ұнатқан киімді алып беруіміз қажет.
Қыз балаға тек күлгін түс, ұл балаға көк немесе жасыл түс қана деген сияқты дискриминация жасағым келмейді. Баланың пікірін тыңдай отырып әдемі үйлестіре білсек, ұл мен қыз бала да кез келген өзі қалаған түстегі киімді кие алады. Әрине, қыз баланы кішкентайынан әсемдікке баулып, көйлек, белдемше дегендерді көбірек кигіземіз. Сондай-ақ, қыз баланың өзі қаламаса, "Сен киюге міндеттісің" деп қинаудың да қажеті жоқ. Тәжірибемде "Сен қыз баласың, ал қыз бала шалбар кимейді" деп фиксация жасайтынымызды байқаймын. Бұл жерде мәселе баланың өз жынысын қабылдай алмауында болуы мүмкін. "Ұлдар күшті, шалбар киеді. Онда менің ұл болғаным жақсы" деген сияқты. Мұндайда анасы өзі арқылы гардеробта шалбардың да, көйлектің де болғаны ыңғайлы екенін көрсете білсе игі. Ал егер әйел адам өзі үнемі шалбар киіп жүріп, қызына қинап көйлек кигізсе, бұл кері әсерін тигізуі мүмкін. Себебі, жоғарыда айтқанымдай, бала сөзбен емес, көзбен тәрбие алады.
Бұдан өзге тағы ескеру қажет бірнеше талап бар. Мысалы, бірінші орында қауіпсіздік тұрады. Киімнің матасы экологиялық таза, гипоаллергенді ме? Екіншіден, қазір киімде деталь өте көп. Футболкасы мен шалбарында түрлі-түсті сурет, аяқ киімі мен бас киімінде деталь жетерлік. Бала миының қызметтері енді ғана дамып келе жатқандықтан, мұның барлығы баланың зейінін бір жерге шоғырландыруға кедергі жасайды. Оның үстіне балалардың өзі гипербелсенді болып келеді. Осы орайда жасы кіші балаларға пастельный түстегі, детальдары барынша аз киімдерді таңдаған артық болмайды.
Үшіншіден, киімнің бала дене бітіміне сай болуы маңызды. Бала көп жүгіріп, ойнайтындықтан, оған үстіндегі киімі ыңғайыссыздық тудырмауы тиіс. Бантик пен шынжырлар да баланың әрекетін шектеп, күйзеліске түсіруі мүмкін.
Оқи отырыңыз: Психолог Айғаным Қуатқызы: Іште бұққан жағымсыз сезім түбі баладан шығу жолын табады
– Әкенің ұл және қыз баланың өміріндегі рөлі қандай? Тәрбиеге практика жүзінде қалай атсалыса алады? Сепарация процесіне қалай көмектеседі?
– Әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі өте өзекті мәселе. Қазір бала тәрбиесімен көбіне тек аналар айналысады. Ал әкелер "Жұмыстан қолымыз тимейді, үйге шаршап келеміз" деп өзін ақтап алып жатады. Бұлай ақталу көмектеспейді. Себебі, 24 сағаттың бір отыз минутын баламен бірге өткізіп, эмоционалдық тұрғыдан жақынырақ бола түсуге уақыт табылады. Дәл осы 30 минут бала үшін әкесімен бір күнді бірге өткізгендей әсер сыйлайды. Осы орайда, әкелерге бала үшін материалдық тұрғыда қамтамасыз еткеннен бөлек, эмоционалдық жақындық бірінші орында тұратынын айтқым келеді.
Ұл бала анасынан "бөлінген соң", үш жастан кейін әкесімен қарым-қатынасының тығыз болғаны жақсы. Әкесімен бірге атқа отыруға бару, көлік дөңгелегін бірге жасау, бірге барып шаш қидыру және т.б. Осындайда әкесінің жанында жүріп ұл баланың бойында ер мінезділік қалыптасады. Кей бала өте нәзік келіп, бірден жылап қалады, үнемі "біреу тиісті" деп шағым айтып жүреді. Осыдан баланың өмірінде "анасының көп" екенін көруге болады. Тәрбиеде ең маңыздысы – балаға өзін қауіпсіз сезінуге жағдай жасау. Көбінесе осы сезімді сезінуге ұл балаға да, қыз балаға да әкесі көмектеседі. "Қандай жағдай болмасын қасыңдамын, қолдау көрсетемін" дегенді әкесі іс-әрекеттерімен ғана емес, сөзбен де айтып отырса пайдалы. Сондай-ақ, отбасында үш ұл, бір қыз болса, онда олардың әрқайсысына жеке-жеке уақыт бөлу қажет.
Әкенің қыз бала тағдырына әсер етуі анасынан кем емес. Әдетте әке тарапынан көп сын естіген қыз бала болашақта өзін-өзі төмен бағалайды. Әрине, керек кезде орынды сынды айта білуі керек. Ер адам әйелін бала-шағасының көзінше көбірек мақтап, аяласа, қыз бала міндетті түрде анасына ұқсауға тырысады. Екіншіден, әке қызы үшін "адал дос" рөлін атқара білсе игі. Қызы әкесіне кез келген өтінішті айтудан, оған жақындаудан ұялмауы керек. Үшіншіден, әке қыз баланың санасында ер адамның моделін қалыптастырады. Дәл бүгін әке қызына қандай қарым-қатынас танытса, ертең ерлермен байланысы дәл сондай болады.
– Интерьер дизайнын жасаған кезде қыз бала мен ұл баланың бөлмесінде нені ескеруіміз керек? Түстер және т.б және мұның барлығы бала үшін қаншалықты маңызды?
– Қанық қызыл, қанық сары деген сияқты көзге бірден түсетін түстер мен ойыншықтардың, әртүрлі шкаф секілді детальдардың болмағаны пайдалы. Жоғарыда айтқанымдай, бұлар зейінді бір жерге шоғырландыруға кері әсерін тигізеді. Мұның орнына миға салмақ түсірмейтін, жүйке жүйесін қоздырмай, керісінше тынышталдыратын түстерді таңдаған жақсырақ. Қыз бен ұл баланың бөлмесінде қатар ескеру қажет бір деталь – қауіпсіздік. Көп қабатты үйде тұратындар үшін терезеге тор орнату және бала өз бетінше аша алмайтындай түрін орнату. Тоқтардың беті жабылып, шкаф, үстелдің қыры үшкір болмаса, жарықты қосатын тұтқаға баланың бойы жетсе, қорыққан кезде қосып алатын қосымша жарық болса жақсы.
Жалпы үш жастан кейін баланың жеке бөлмесінің болуы ол үшін пайдалы. Тіпті, жеке бөлмеге жатқызуға мүмкіндік болмаса, ата-анасынан бөлек төсекке жату арқылы сепарацияланады. Үш жасынан бастап әке-шешесінен ажырамаған балалар мазасыз болып келеді. Қоғамға сіңісіп, үйренісіп кетуі қиын.
– Баланың лидер болуына қалай көмектесе аламыз?
– Лидерлік қабілет баланың темпераментінде болады. Мысалы, бізде 4 темперамент бар. Көбінесе сангвиник, холерик темпераментіндегі балаларда туабітті лидерлік қабілеттер кездеседі. Бұл дегеніміз меланхолик, флегматик баладан лидер жасау мүмкін емес деген сөз емес. Кейде керісінше ата-ана баланың лидерлік қабілетін басып тастайды. Әсіресе, холерик, сангвиник балалар өте белсенді болғандықтан, оларға "бұзық" деген "таңба" тағып қояды. Ал меланхолик, флегматик балаларға қолынан ешнәрсе келмейді деп аса мән бермейді. Әдетте лидер балаларда эмоционал интеллект жоғары. Ал эмоционал интеллект жоғары болуы үшін балаға сезімдерді танып үйрету маңызды. Қай сезімді қай жерде қолдану қажет? Ол сезім қалай аталады? Сондай-ақ, "Әрдайым тек жеңіс болуы керек, жеңіліс мүлдем болмауы керек" деген фокусировка болмауы тиіс. Керісінше лидерлер жеңілістің дәмін татқан соң, өзін қалай ұстайтынымен ерекшеленеді.
Балаларға мотивация беру мәселесіне келгенде ата-ана бір шектен екіншісіне өтіп кетіп жатады. Бір ата-ана мүлдем мотивация бермейді, ал екіншісі жер-көкке сыйғызбай мақтайды. Мұнда әділ мақтан өте үлкен рөл ойнайды. Баланың таңдауына бір жағдайда – денсаулығына кері әсерін тигізетін кезде араласа аламыз. Қалған жағдайда асықпау қажет. Тағы бір көмектесетіні ата-ананың өзінің лидер болуы. Одан бөлек қазір балаларға арналған актерлік шеберлік, шешендік өнер курстары бар.
Оқи отырыңыз: "Психолог ұсынады". Отбасы құндылықтары туралы 5 кинотуынды
– Балаға қаржылық сауаттылықты қалай үйретеміз? Қандай кітаптар мен ойындарға кеңес бересіз?
– Қаржылық сауаттылық балаларға ғана емес, ересектерге де жетіспейді. Ересек адамдардың өзі несие, желілік маркетинг, қаржы пирамидасына қатысты қиындыққа тап болады. Одан бөлек қазір балалар ата-анасымен тұтынушылық қарым-қатынаста. "Мен үшін жұмыс істеп жатыр, маған алып беруі керек" деп қана ойлауы мүмкін. Ал ақшаның еңбектену арқылы келетінін білмейді. Осындайда баланың жасын ескере отырып өзінің жұмысымен таныстырғаны жөн. Кедейлікке не нәрсе алып келетінін де түсіндіру маңызды.
Қаражат жинау мәселесіне келгенде ерік-жігерді тәрбиелейміз. Мысалы, бала жақсы көретін мультфильм, ертегі, кино кейіпкері бейнеленген копилька сатып алғысы келеді. Осы тұста велосипед, ойыншық, т.б. сатып алғысы келген қаржысын жинап біткенше шыдауға көмектесеміз. Бастапқыда кішігірім мақсаттан бастауға болады.
Жалпы 3 жастан кейін баланы ақшамен таныстыра беруге болады. "Ол не үшін қажет, оның рөлі қандай, оны не үшін пайдаланмыз?" деген сияқты. "Фиксики", "Үш мысық" секілді арнайы мультфильмдерді бірге отырып көруге болады. Ал 7 жастан кейін бала сандарды таныған кезде кішігірім шығындарына ақша бере аламыз. Бұдан өзге қаражатпен тікелей байланысты касса, монополия деген секілді ойындарды ойнауға болады.
– Баланы қоғам өміріне араласуға, балабақша мен мектепке қалай дайындаймыз?
– Өзін қауіпсіз сезіну сезімі балада үш жасқа дейін қалыптасатындықтан, бұл уақытқа дейін балабақшаға бермеуге кеңес беретін едім. Ал балабақшаға үйрене алған бала мектепке барғанда да еш қиналмайды. Балабақшаға бармас бұрын оның режиміне бейімделіп, ең алдымен, баланы үйде ата-анасынсыз қалып үйретуге болады. Бастапқыда бір сағаттан бастап, күн сайын уақытты ұзартамыз. Балабақшаға барған кезде қанша уақыттан кейін алып кететінімізді түсіндіреміз. Сағат тілін түсінбейтіндіктен, "Қазір ойнайсың, тамақ ішесің, кішкене ұйықтайсың, сабақ оқисың, кейін мен келемін" деген сияқты. Бұдан өзге баланы алдын ала балабақшаға әкеліп таныстыруға кеңес беретін едім.
Балабақшаға бармаған балалардың мектепке үйренуі аздап қиын. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайға байланысты кейде баланы балабақшаға бере алмай жатамыз. Мұндайда ауладағы балалармен, туыстар ішіндегі өзімен жасты балалармен бірге ойнауына көмектесуге болады. Осының барлығы баланы ақырындап қоғамдық өмірге дайындайды. Бұл аса қиын процесс емес. Әсіресе, ата-анасының қолдауы болса.