Президент: Жуырда Қазақстанды саяси трансформациялау жөніндегі жаңа ұсыныстарымды жариялаймын
Президенттің айтуынша, бұл – өмірін қорғап қалуға өтініш білдірген көптеген азаматымыздың қауіпсіздігіне қатысты мәселе.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жасады, деп хабарлады Ақорда.
"Қымбатты Отандастар! Еліміздегі ахуал өте күрделі. Менің осыған дейін жасаған бірнеше үндеуіме қарамастан өздерін «ереуілшілер» деп атайтын адамдар тобы қасақана түрде жағдайды ушықтырып отыр. Еліміздің тең жартысына жуығында қақтығыстар орын алуда. Әсіресе, Алматыдағы ахуал өте күрделі", деді президент.
Мемлекет басшысы Алматыда құқық қорғау қызметкерлеріне жаппай шабуыл жасалып жатқанын айтты. Олардың арасында қаза тапқандар мен жараланғандар бар.
"Бұзақы топтар әскери қызметшілерді ұрып-соғып, көшеге жалаңаш шығарып, мазаққа айналдыруда. Әйелдерді зорлап, дүкендерді тонап жатыр", деп толықтырды президент.
Алматыдан басқа кейбір облыс орталықтарында да жағдай ушығып тұр. Осыған байланысты бірқатар өңірде Төтенше жағдай енгізілді.
“Президент ретінде, мен, азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғауға, Қазақстанның тұтастығына алаңдауға міндеттімін. Менің қабылдаған шараларым көп ұлтты Қазақстанның игілігіне бағытталған. Алайда бұл шаралар жеткіліксіз болып тұр. Бұзақы топтардың әрекеттері жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көріп отырмыз. Бұл қаржыландырылған бүлікшілердің жан-жақты ойластырылған жоспары екенін дәлелдейді. Бұл – қаскөйлердің қитұрқы әрекеті”, деген Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы және бүгіннен бастап Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде барынша қатаң әрекет ететінін айтты.
"Бұл – өмірін қорғап қалуға өтініш білдірген көптеген азаматымыздың қауіпсіздігіне қатысты мәселе.Бұл – мемлекетіміздің қауіпсіздігіне тікелей қатысты. Халық мені қолдайтынына сенімдімін. Қандай жағдай болса да мен елордада боламын. Халықпен бірге болу – менің Конституциялық міндетім", дедң президент.
Мемлекет басшысы жуырда Қазақстанды саяси трансформациялау жөніндегі жаңа ұсыныстарымды жариялайтынын айтты. Сонымен қатар, дәйекті реформаларды бұрынғыдай жалғастыра беретінін жеткізді.
Сондай-ақ, құқық қорғау органдары мен әскери қызметшілерге ерекше алғыс білдірді. Олар қарулы топтардың соққысына кеудесін тосты. Өкінішке қарай, қаза тапқандар да бар. Президент мерт болған азаматтардың отбасыларының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты.
"Құрметті достар! Баршаңызға шын жүректен аманшылық тілеймін. Халқымыз құбылмалы кезеңге тап болды. Дана халқымыз қиыншылықтардың бәрін міндетті түрде еңсереді. Мен бұған кәміл сенемін. Бірге болайық!", деп қорытындылады президент