Президент үлкен апаттың алдын алған Qarmet слесарін ІІІ дәрежелі "Еңбек Даңқы" орденімен наградтады
Айбар Қосанов Костенко шахтасында өрттің ұшқынын жойып, апаттың алдын алған болатын.Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Qarmet АҚ Костенко атындағы шахтасының жерасты учаскесінің электр слесарі Айбар Қосановты ІІІ дәрежелі "Еңбек Даңқы" орденімен наградтады, деп хабарлады Ақорда сайты.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен жанкешті және жемісті еңбегі үшін "Qarmet" акционерлік қоғамының Костенко атындағы шахтасының жерасты учаскесінің электр слесарі Айбар Бекболатұы Қосанов ІІІ дәрежелі "Еңбек Даңқы" орденімен наградталды", – делінген Ақорда хабарламасында.
Еске салайық, мамырдың алғашқы күнінде Қарағандыда Костенко атындағы шахтада К3 қабатының 4-конвейер кен орнынада түтін шыққан. Бірақ, шахтада ақау дер кезінде жойылып, жұмысшылар өрттен аман қалды.
Оқи отырыңыз: 29 қазан жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды
ТЖМ хабарлауынша, конвейер трассасының электр монтері Айбар Қосанов алғашқы өрт сөндіру құралдарының көмегімен ұшқынды жойды. Шахтер оқиға туралы хабарлаған кезде басқару бөлмесіне бықси бастаған түтін cебебінен қосылған дабыл да естілді. Сағат 19:45-те датчиктің белгі беруіне байланысты қауіптің уақытында беті қайтқанына қарамастан, басқа шахталардағы 194 кеншіні көшіру туралы шешім қабылданды. Сағат 21:47-дегі жағдай бойынша 187 кенші жер бетіне шығарылды. Оқиғаны бақылау, шахтаның тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін учаске басшылары мен бақылаушыларынан 7 жұмысшы орнында қалды.
Алдын ала себеп бойынша төменгі тордың ролигіне бөгде зат түскені анықталды. Содан ролик тоқтаған. Осының салдарынан конвейер таспасында түтін пайда болған.