Президент: Құзырлы мекемелер мектеп асханаларындағы азық-түліктің сапасын көтерумен мұқият айналысуы қажет
Тоқаев бұл ретте агроөнеркәсіп кешені білім беру орындарының серіктесіне айналуы керектігін атап өтті.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында Маңғыстау облысында балалардың жаппай астан уланғанын еске алды.
"Жаңа оқу жылы басталған сәттен елімізде білім жүйесіне байланысты мәселелер жиі көтеріледі. Білім саласында елеусіз қалдыратын мәселе болмайды деп санаймын. Мәселен, мектептерде бастауыш сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар мемлекет есебінен тегін ыстық тамақпен қамтылады. Алайда мектеп асханаларындағы тамақтың сапасына баса мән берген жөн. Жақында Маңғыстау облысында балалар астан уланды. Бұл оқиғаның қоғамда қызу талқылануы орынды. Мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу керек", – деді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын қатаң бақылау қажет.
"Бірақ мәселенің мәні тым тереңде жатыр. Оқушыларды сапасы күмәнді әрі арзан азық-түлікпен тамақтандыра алмаймыз. Балаларды тамақтандырудың халықаралық стандарттарына ұмтылғанымыз дұрыс. Асханадағы тағамдар өсіп келе жатқан ағзаны барлық қажетті дәруменмен қамтамасыз етуі керек. Бұл өскелең ұрпақтың денсаулығына тікелей әсер етеді. Құзырлы мекемелер мектеп асханаларындағы азық-түліктің сапасын көтеру мәселесімен мұқият айналысуы қажет. Мектептерде дұрыс тамақтандыру мәдениетін қалыптастыру үшін агроөнеркәсіп кешені білім беру орындарының серіктесіне айналғаны жөн", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы форумда қозғаған өзге де мәселелер: