Қасым-Жомарт Тоқаев KIA маркалы арнайы және коммерциялық техникалар құрастыратын зауыт жұмысымен танысты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. 

"Кәсіпорын іске қосылған 2022 жылдан бері 700-ден аса автокөлік шығарған. Өндіріске құйған инвестицияның жалпы көлемі 11 миллиард теңгеден асты. Мұнда өндірушілерден жеткізілген бөлшектерді дәнекерлеу, сырлау, шанақ монтаждау жұмыстары атқарылады. Сонымен қатар коммерциялық автокөліктерге арналған қосымша жабдықтар өндірісі жолға қойылған. 240 маман тұрақты жұмыспен қамтылған. Компания өндірістік қуаты мен өнім түрін кеңейту үшін басқа да халықаралық брендтермен келіссөз жүргізіп жатыр. Президент еңбек ұжымына табыс тілеп, KIA Bongo автокөлігінің шанағына естелік қолжазба қалдырды", – делінген Ақорданың хабарламасында. 

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Бұдан кейін Orbis Kazakhstan компаниясы ресми баспасөз хабарламасын таратты. Онда аталған зауыттың холдингтің ел ішіндегі арнайы техника өндіруге бағытталған ірі жобасы екені айтылған.

Orbis Kazakhstan директорлар кеңесінің төрағасы Фаррух Махмудовтың айтуынша, зауыттағы өндіріс 2022 жылдың екінші тоқсанында іске қосылған. Кәсіпорында: дәнекерлеу, бояу және автокөлік кабиналарын құрастыру процестерін құрайтын толық шағын торапты құрастыру (CKD) технологиясы қолданылады. Сонымен қатар коммерциялық көліктерге арналған қосымша жабдықтарды өндіру де жергіліктендірілген. 240 жұмыс орны қарастырылған.

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Orbis Heavy Machinery зауыты оңтүстіккореялық KIA Corporation компаниясымен жасалған келісім аясында KIA маркалы коммерциялық көліктердің лицензиялық өндірісін жүзеге асырады. 2022 жылы іске қосылған сәттен бастап зауытта дизельді, газды және газ-бензинді қозғалтқыштармен жабдықталған жүк көліктері өндіріледі. Компания ұлттық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген және қолданыстағы индустриялық сертификатқа ие. Зауыт іске қосылған сәттен бастап мемлекеттік бюджетке 1 млрд теңгеден астам салық және өзге де міндетті төлемдер жасады.

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

"Астанадағы Orbis Heavy Machinery зауыты – еліміздің машина жасау секторы мен өнеркәсіптік инфрақұрылымының дамуына елеулі үлес қосатын нысан. Бұл өндірістік кешен коммерциялық техниканың жергілікті өндірісін жолға қоюға, жұмыс орындарын ашуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл – Қазақстанның өнеркәсіптік тұрақтылығы мен экономикалық дербестігін нығайтуға Orbis тобының қосқан үлесі. Мемлекет пен бизнестің бірлескен жұмысы нақты нәтижелерге қол жеткізуге және ұзақ мерзімді өсуге берік негіз қалауға мүмкіндік беретініне сенімдіміз", – деді Orbis Kazakhstan директорлар кеңесінің төрағасы Фаррух Махмудов. 

Компания өндірістік қуаттылықты кеңейту мүмкіндіктерін қарастыруда. Атап айтқанда, өнім түрлерін көбейту және өндірісті жергіліктендіру мақсатында Астанадағы алаңда өзге халықаралық брендтермен коммерциялық, арнайы және ауыл шаруашылық техникасын шығару бойынша келіссөздер жүргізілуде. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының Индустрия және құрылыс министрлігімен көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасасу көзделіп отыр. Құрылыс жұмыстарының екінші кезеңі өндірістік алаңды кеңейтуді және қосымша 200 жұмыс орнын ашуды қамтиды. Бұл кеңейту зауыттың экспортқа бағытталған өнім көлемін 90%-ға дейін жеткізуге және экспорттық әлеуетті арттыру жөніндегі мемлекеттік стратегияны жүзеге асыруға елеулі үлес қосуға мүмкіндік береді.

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент еңбек ұжымына табыс тілеп, KIA Bongo автокөлігінің шанағына естелік қолжазба қалдырды.