Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Египет Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Қайрат Қайырбекұлы Лама Шарифке сөгіс жариялады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Бұған дейін ол Қазақстанның атауын Қазақ мемлекеті деп өзгертуді ұсынып, Конституцияда бекітілуі тиіс аймақтардың тізімін де берген болатын.

Мемлекеттік қызметшілері әдеп кодексінің 9-тармағына сәйкес, мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік саясат және қызметтің тиімділігі мәселелері бойынша өз пікірлерін көпшілік алдында білдірмеуі тиіс.

"Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік саясат және қызметтік жұмыс мәселелері жөніндегі өз пікірін, егер ол мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына сәйкес келмесе, жариялауға рұқсат етілмеген қызметтік ақпаратты ашатын болса және мемлекеттің лауазымды адамдарының, мемлекеттік басқару органдарының, басқа да мемлекеттік қызметшілердің атына әдепсіз сөздерді қамтитын болса, көпшілік алдында білдірмеуге тиіс", – делінген Әдеп кодексінде. 

Еске салайық, елші facebook желісінде Қазақстанның атауын өзгерту жөнінде ұсыныс білдірді. 

"Менің пікірімше, Ата Заңымызға өзгерістер енгізгенде ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ, КАЗАХСКОЕ ГОСУДАРСТВО (орысшасы), STATE OF QAZAQ (ағылшын тілінде) деп, «тайға таңба басқандай» жазуымыз керек", – деген болатын Қайрат Лама Шариф.