Президент бастамасы: Қазақстан әлемді МСАК бойынша жаһандық коалицияға қосылуға шақырады
Бұл коалицияны құруды Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған болатын.Швейцарияда өткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 77-ші сессиясында Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше елдерді медициналық-санитариялық алғашқы көмек бойынша жаһандық коалицияға қосылуға шақырды.
Министр ұлттық денсаулық сақтау жүйелерін медициналық-санитариялық алғашқы көмекке қайта бағыттаудың маңыздылығын атап өтті. Бұл тәсіл қарапайым жағдайларда да, төтенше жағдайлар кезінде де халықтың барлық топтары үшін негізгі медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттырады.
"Қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен жаһандық трендтерді ескере отырып және ДҚЖҚ-ны қамтамасыз етуге және орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге ұмтыла отырып, Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев МСАК бойынша елдердің жаһандық коалициясын құру жөніндегі бастаманы ұсынды және елдерді коалицияға қосылуға шақырды. Осыған байланысты, біз мүдделі елдерді Қазақстанның бастамасын қолдауға және МСАК жөніндегі елдердің жаһандық коалициясына қосылуға шақырамыз", – деді Ақмарал Әлназарова.
Коалиция әріптес елдер арасындағы тұрақты өзара іс-қимылды, біліммен, озық тәжірибемен алмасуды және идеяларды дамытуды қамтамасыз ете отырып, ДДҰ-ның қолдауымен әрекет ететін халықаралық одақ пен алаңның рөлін атқарады.
Оқи отырыңыз: Қазақстан ауылдарында фельдшерлік пункт салуға 40 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінеді