Полиция генерал-майорының айтуынша, бұл оқиғадан алатын басты сабақ – ай-күннің аманында ел Тәуелсіздігінен айырылып қала жаздағанымызды түсіну.

"Шымкентте бастапқыда халық бейбіт шеруге шықты, ол кезде біз көпшіліктен ешқандай жаман пиғыл күткен жоқпыз. Себебі, олар алаңға шығып, өзара сөйлесіп тұрды. Кейін талаптарын қоя бастады. Біз тек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз еттік. Араға аз-кем уақыт салып, шерушілер Әл-Фараби алаңынан әкімдіктің ғимаратына қарай бет алды. Дүрбелең сол әкімдік алдында болды. Өйткені, сырт жақтан бір топ арандатушылар келіп, бейбіт тұрғындарға қосылды", – деп еске алды Ералы Жұмаханбетов.

Полиция генерал-майоры Ералы Жұмаханбетов

Кейін арандатушылар арам пиғылын жүзеге асыра бастаған: ғимараттарға тас атып, тәртіп сақшыларының қызметтік көліктерін өртеуге көшкен. Осылай, жаппай тәртіпсіздік басталған.

"Кейін анықталғандай, бұзақылардың дені өзге өңірлер – Түркістан облысының Сарыағаш және Келес аудандарының тұрғындары болып шықты. Әрине, қазір сол бір қиын-қыстау кезеңді еске алудың өзі қорқынышты. Бірақ, осы сынаққа толы сәт пен арандатушылықтан президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұтымды шешімдері мен батыл қадамдары арқылы бір мегаполис қана емес, бүкіл Қазақстанды да аман алып қалғанымызды айту керек", – дейді полиция генерал-майоры.


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Кез-келген қиындықтың артында үлкен мүмкіндіктер тұр. Президент сұхбатының толық мәтіні


Еске салайық, Ералы Жұмаханбетов 2018 жылдан бастап 2022 жылдың ақпанына дейін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы қызметін атқарған болатын. Бұл аралықта полиция департаменті қала тұрғындарымен бірлесіп, оң нәтижесін берген бірқатар бастамалар мен тың жобаларды жүзеге асырды. Бұл ретте Шымкент қаласының Сайрам тұрғын алабында орналасқан №4 балалар үйінің тәрбиеленушілері Ералы Жумаханбетовтың бастамасымен 2019 жылдан бері тәртіп сақшыларының қамқорлығына алынғанын атап өтуге болады. Осылайша, полиция қызметкерлері балаларға барынша көмектесіп, қолдау көрсетеді.

"Балалар үйінде бірнеше спорт түрінен үйірмелер ашылған. Оларда тәрбиеленушілерді полиция қызметкерлері қатарынан шыққан жаттықтырушылар спортқа баулиды. Нәтижесінде балалар республикалық спорттық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Полицейлер олардың жарқын болашаққа жол ашатын дұрыс таңдау жасауына ықпал етті. Балалардың бірі – Александр өзінің полиция болғысы келетін арманын айтқан еді. Қолдаудың арқасында жас талапкер Ішкі істер министрлігіне қарасты Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түсті", – дейді полиция генерал-майоры.


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Лаңкестерді, қарақшыларды халық қаһармандары, батырлары деп айтуға болмайды


Ералы Жұмаханбетов әлеуметтік желіде өзі туралы жарияланған сыни бейнематериалдарға қатысты да жауап берді. Оның сөзінше, заңсыз әрекеттерден алшақ болуға үндеп, жанашырлықпен айтқан сөздерін теріске балап, желіге жүктегендер болған.

"Мойындау керек, Шымкентке қызметке келгенімде халықтың полицияға деген көзқарасы мүлдем бөлек еді. Тұрғындар тіпті өз учаскелік полиция инспекторын танымайтын. Сондықтан жұмысты тиісті деңгейде жандандыру қажет екенін түсіндім. Парақорлықты жою үшін бірқатар жаңа жүйелерді енгіздім. Қызметкерлерге жемқорлықтан жирену керектігін түсіндірдім. Рас, бірі – түсінді, екіншісі – менің жанашырлықпен айтқан сөздерімді теріске балап, желіге жүктеді. Әрине, ол бейнежазбаларда не айтсам да, тек заңсыз әрекеттерден алшақ болу және оған жол бермеу қажет екені туралы айтқан болатынмын", – деді Ералы Жұмаханбетов.

Оның пікірінше, президенттің "Жұртқа жақын полиция" тұжырымдамасының орындалуы жолында да жауапкершілікті жіті сезініп, халықтың қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз ету – бүгінгі полицияның міндеті. Дәл осы міндет-жүктеме жүгенді жүзеге асса, полиция – елдің қорғаны болып, мемлекет қауіпсіздігі күшейе түспек.