Пияз бағасы Қазақстанның 8 өңірінде әлі тұрақтамай тұр
Ақтөбе облысының саудагерлері жеткізілетін пияз көлемінің аз екенін жеткізді.Алматы, Ақмола, Алматы, Жетісу, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар, Түркістан өңірлерінде пияз бағасы өсіп жатыр. Бұл бағаның өсуін тежеу бойынша тиімсіз жұмыс деңгейін көрсетеді, деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.
Десе де, Қазақстанның 10 өңірінде пияз бағасы тұрақтанған. Бағаның өсімі бойынша антилидерлер қатарында болған Астана қаласы мен Ұлытау облысында баға біршама төмендеген.
Ал картоп бағасы тек Түркістан облысында, сәбіз бағасы – Астана қаласы мен Атырау, Алматы, Ұлытау облыстарында, қырыққабат бағасы – Астана қаласы мен Ақтөбе облысында төмендеді.
Бұл туралы сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің Қазақстанның сауда желілері басшыларымен баға жағдайы мен тұрақтандыру қорларынан көкөністерді жеткізу барысы бойынша жедел кеңесінде белгілі болды.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда картоп, сәбіз, пияз жеткілікті ме?
Кеңесте Ақтөбе облысының сауда желісі өкілдері жеткізілетін пияз көлемінің аз екенін, 6 тоннаға сұраныс кезінде аптасына 2 тонна келетінін жеткізді. Осыған ұқсас мәселелерді басқа өңірлердің өкілдері де көтерді.
"Біз өңірлердің әкімдіктерімен осы мәселелерді пысықтап, қор тапшылығы кезінде оңтүстік өңірлерден келетін жеткізілімдерді қайта бағдарлаймыз. Бір апта бұрын Тәжікстаннан делегация елге оралып, қолжетімді бағамен 6,5 мың тонна пиязға келісімшарт жасалды, бірақ бұл маусымаралық кезеңге жеткіліксіз. Тәжікстандық өндірушілер үлкен көлемдегі келісімшарттарға дайын. Оның үстіне Тәжікстан теміржолы өз учаскелері бойынша тасымалдау тарифіне 80 пайыз жеңілдік береді. Қырғызстан қырыққабатты арзан бағамен жеткізуге дайын. Сондай-ақ Өзбекстаннан ерте шығатын көкөністерді жеткізудің "жасыл дәлізі" туралы келісім бар", – деді Серік Жұманғарин.