Петропавлдың іргесіндегі саяжайларға алапат су жетті, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

"Искра" мен "Есілдің" аумағындағы жер үйлерге су кірген. Баспанасын тасқын басқан бұқара не істерімізді білмей отыр. Себебі, жергілікті билік көмек көрсетуден бас тартты дейді. Бұл Заречный ауылына баратын екі жолдың бірі. Бұл жақты да он күннен бері су басып жатыр. Есіл өзенінен келіп жатқан тасқын судың екпіні қатты. 

Елена Ремигайлоның жалғыз баспанасы су астында қалған. Қазір келіншек үйінде толарсақтан су кешіп жүр. 

Қыс бойы үйіміздің маңынан балшықтан бөгет көтерді. Сонда үйлеріңізге су келмейді деп сенімді түрде айтқан. Сонда миллиондаған қаржы далаға кетті. Енді мына үйде қалай тұрамын. Не істеймін енді?!, деді саяжай тұрғыны Елена Ремигайло. 

      

Ал қала билігі тасқынға тосқауыл болатын жұмыстар жүзеге асырылып жатқанын айтады. Тіпті, аймақ басшысының өзі күні-түні жағдайды бақылауына алды деп отыр. 

"40-тан астам саяжай жалғыз баспана деп танылған. Оның төртеуіне су кірді. Ал 10 шақты үйдің ауласында ғана жеткен. Бұл мәселе жыл бойы айтылды. Өткен жылы демеушілердің арқасында ғана осы саяжайларды жөндеуге қаржы бөлінді. Биыл ондай болмайды. Бірақ заңда жалғыз баспана деген ұғым жоқ екенін түсіну керек. Сондықтан ешқандай көмек көрсетілмейді", – деді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.         

Жергілікті биліктің мәліметінше, Петропавлдағы 7,5 мың тұрғыны бар саяжай Есіл өзенінің жағасында орналасқан. Олар су астында қалған жағдайдың өзінде көмек көрсетілмейді деп ашық айтты. Қазір құтқарушылар мен әскерилер тасқынның үшінші толқынына төтеп беру үшін барын салып жатыр.