Петропавлда қолөнершілердің құқығы шектеліп жатыр ма?
Олар бұйымдарын көше бойында сатуға рұқсат сұрап отыр.Солтүстік Қазақстан облысының қолөнер шеберлері қаланың орталық көшелерінде сауда-саттық жасауға рұқсат беруді сұрайды. Қала билігі қолөнершілерді қолдамайды деген көпшілік әкімдіктің әрекетіне ашулы. Сөздерінше, биылдан бастап оларға арбаттың бойымен жұмыс істеуге тыйым салған. Сөйтіп, көктем басталғалы рұқсат ала алмай келе жатқандықтан құқық қорғау органдары шеберлерді бірнеше рет қуып, кейбіріне айыппұл салғанын айтады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Петропавлдың орталығына жиналған қаланың қолөнершілері ашық аспан астында өз бұйымдарын сатуға рұқсат берсін дейді. Айтуларынша, қаланың орталығындағы арбаттың бойына жиналатын шеберлерді күн сайын полиция қуып, заңсыз жұмыс істеп жатсыңдар деп кейбіріне тіпті айыппұл да салады екен.
"Жыл сайын жергілікті әкімдікке барып жалынамыз. Көктем келген күннен бері рұқсат сұрап жүрміз. Бірақ, ешкім тыңдамайды. Адамдар жаяу жүретін көше болса да, саудаға тыйым салынған", – дейді қолөнерші Елена Андреева.
"Біз мемлекетке алақан жайып қарап отырған жоқпыз" деген қолөнершілердің көбі жұмыссыз екенін айтады. Қолмен жасаған бұйымдарды сатып, онсыз да әрең күн көріп жүргенін айтады. Әрі көпшілік ұлттық мәдениетті дамытып, қолөнерді қолдап жүргендердің жұмысы неге бағаланбайды деп ашулы.
Оқи отырыңыз: Қазақ қолөнерін жаңғырту жобасы қалай жүзеге асып жатыр? Qazaq Oner орталығынан фоторепортаж
Қолданбалы өнер шеберлерімен кездесуге келген әкімдік өкілі де қандай заң екенін айта алмады. Бірақ, қаланың орталығында қолөнер бұйымдары түгілі, азық-түлік сататындарға да жұмыс істеуге тыйым салынғанын жеткізді.
"Бұл мәселені тағы қарап көрейік. Неге, қалай рұқсат берілмегенін сосын айтамыз. Қолөнер шеберлерінің арыз-шағымдарын тағы қарастырып, тиісті шешім шығарамыз", – деді Петропавл қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Азат Ибраев.