Петропавлда Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесіне қарасты білім ордасының 18 жастағы оқушысы жатақхананың үшінші қабатынан құлап кетті.

Оқиға 17 ақпанда болған. Жасөспірім көпсалалы қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасына жеткізілген.

Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқас кеуде және бел омыртқасының, сондай-ақ екі өкше сүйегінің ауырсынуына шағымданған. Дәрігерлер оны шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызған.

Мамандардың айтуынша, оқушының бел омыртқасы III дәрежелі, дене мүшесі II дәрежелі жабық сынған. Сонымен қатар екі өкше сүйегі де жабық сынған. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы ауыр деп бағаланып жатыр.

Аталған дерек бойынша Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті сотқа дейінгі тергеуді бастады. Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, оқиғаның мән-жайын жан-жақты анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.