Петропавл қаласындағы №1 орта мектепте 11-сынып оқушысы білім ошағына пневматикалық тапанша алып келген. 17 жастағы жеткіншек үзіліс кезінде сыныптастарына қаруды көрсетіп, кейін далаға шығып аспанға оқ атқан. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Оқиға туралы ұстаздар мен күзет қызметі бірден хабардар болмаған. Балалардың бірі ата-анасына айтқаннан кейін ғана мектеп әкімшілігі оқушыны шақыртып, оның сөмкесінен қару табылған. Оқиға орнына ата-анасы мен ювеналды полиция қызметкерлері шақырылған.

СҚО білім басқармасының мәліметінше, жасөспірім мектепішілік есепте тұрмайды, үлгерімі мен тәртібі жақсы. Болжам бойынша, ол қаруды жаман ниетпен емес, "балалықпен" алып келген болуы мүмкін.

Полиция департаменті ұсақ бұзақылық фактісі бойынша ата-анасына айыппұл салынғанын хабарлады. Қару тәркіленіп, оның қайдан алынғаны анықталып жатыр. Сонымен қатар мектеп әкімшілігі мен күзет агенттігі қызметкерлерінің әрекеттеріне құқықтық баға берілмек.

Ата-аналар бұл жағдайдан кейін мектептегі қауіпсіздік шараларын күшейтуді талап етіп отыр. Олардың айтуынша, бұған дейін де аталған білім орнында оқушы бұрыш баллонын сабаққа алып кіріп, сынып ішінде шашқан жағдай болған. Алайда сол оқиғадан кейін нақты өзгерістер жасалмаған.

Тұрғындар мектепке металл іздейтін қондырғылар орнату қажет деп санайды.