Павлодарда қырағы такси жүргізуші зейнеткерді алаяқтардан арашалап қалды
Павлодар облысында такси жүргізушісінің қырағылығының арқасында зейнеткер әйел ірі көлемдегі алаяқтықтың құрбаны болудан аман қалды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Павлодар қаласының тұрғыны, зейнеткер әйелге белгісіз адамдар қоңырау шалып, өздерін энергокомпания қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар электр есептегішін тексеру және пломбалау қажет екенін айтып, SMS арқылы келген кодты айтуын сұраған. Әйел күмәнданбай, көрсетілген кодты хабарлаған.
Көп ұзамай оған өзін банк қызметкері ретінде таныстырған басқа адамдар хабарласып, алаяқтар оның шотындағы ақшаны иемденбек болып жатқанын айтқан. Қаражатты "қауіпсіз шотқа" аудару қажет екенін жеткізіп, сол күні курьер келіп, ақшаны алып кететінін мәлімдеген. Зейнеткер есепшотынан 8,5 млн теңгені шешіп алып, нұсқауларды орындауға дайын болған. Кейін алаяқтар ақшаны такси жүргізуші арқылы жіберуді тапсырған.
Алайда такси жүргізушісі жағдайдан күдіктеніп, дұрыс шешім қабылдаған.
"Кешкі уақытта бір "сәлемдемені" алып кету туралы тапсырыс түсті. Барсам, жасы үлкен әжей екен. Не беріп жатқанын, кімге апаратынын нақты айта алмады, қатты абыржулы болды. Сол сәтте күдіктеніп, оны таксиге отырғызып, полиция пунктіне жеткіздім. Бұған дейін полиция осындай алаяқтық схемалар жөнінде ескерткен еді", – дейді такси жүргізуші Алексей Бортовой.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша алаяқтық фактісімен қылмыстық іс қозғалып, күдіктілерді анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
"Полиция мен такси жүргізушісінің жедел әрекеттерінің арқасында ірі көлемдегі алаяқтықтың алдын алып, ақшамды сақтап қалдым", – деді Павлодар қаласының тұрғыны Галина Андреевна.