Павлодарда 783 шақырым жылу магистралінің 16 пайызы ғана жарамды
Биыл негізгі магистральдің 4 шақырымын ғана жөндеу жоспарға енгізілген.Павлодарда жылу желілерінің 90 пайызға жуығының тозығы жеткен. Қазір қаладағы 783 шақырым жылу магистралінің бар-жоғы 16 пайызы іске жарамды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Арнаның өңірдегі тілшісінің мәліметінше, Павлодардағы әбден ескірген құбырлар қысымға шыдас бермей жарылып жатыр. Соның салдарынан екі көп қабатты тұрғын үй, 20 шақты жер үй, Достық үйі мен балалар музыка мектебі жылусыз қалған.
Қала әкімі Асайын Байханов өткен жылы берген сұхбатында жылу құбырларының шектен тыс тозуына байланысты апаттың болмауына кепілдік бермеген болатын. былтыр қала бойынша 700-ге жуық апаттық жағдай болған.
"Жүйелердің 50 пайызы толық ескірген. Қалған 50 пайызының тозуы 60 пайыз шамасында. Сонда орташа 83 пайыз болады. Қай жерде, қай уақытта апат болатынын айту қиын. Апаттың болмасына ешкім кепілдік бермейді", – деген болатын қала әкімі.
Ал қалалық тұрғын үй инспекция бөлімі басшысының орынбасары Әнуарбек Амановтың айтуынша, жылу жүйесі мен ыстық су мәселесін шешу үшін 25 шақырым құбыр жөнделуі керек. Бірақ, биыл негізгі магистральдің тек 4 шақырымы ғана жөнделетіні белгілі болды.
Оқи отырыңыз:
- Петропавлдың тең жартысы бес тәуліктен бері жөнді жылу ала алмай отыр
- Рустем Ашетаев: Қор қаржысын солтүстікке "ұлы көшке" бұрайық