Павлодар облысында жыл басынан бері жол бойында қараусыз жүрген 4500-ден астам ірі қара айып тұрағына қамалды
Олардың 605-інің иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 61 бақташыға айыппұл салынды.Павлодар облысында жол бойында қараусыз жайылып жүрген төрт түлік мал жаппай айып тұрағына қамалып жатыр. Өткен тәуліктің өзінде өңірде иесіз жүрген 50 бас сиырды полицейлер айып тұрағына жеткізген, деп хабарлады 31-арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Қараусыз малдың кесірінен өңірде жол көлік апаты мен ұрлық көбейген. Өңірде жыл басынан бері 4 500-ден астам ірі қара айып тұрағына қамалыпты. Соның 605-інің иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 61 бақташыға айыппұл салынған.
"Мал иелері тек айыппұл төлеген соң ғана малын алып кете алады. Айыппұл 10 айлық есептік көрсеткішке тең, яғни 29 170 теңге", – деді Павлодар қалалық жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Қуаныш Мұстафин.
Қазіргі кезде Павлодар облысы бойынша малға арналған 146 айып тұрағы бар. Оның барлығы ауылдық жерлерде орналасқан.
Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз: