Павлодар облысы әкімінің бұрынғы резиденциясы мемлекет меншігіне қайтарылады
Сот қаржы басқармасының "Асфальтобетон" ЖШС мен "JasybaiRezort" компанияларына қатысты талап арызын қанағаттандырды.Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты облыс басшысының Жасыбай көліндегі резиденциясын сату шартын және мүлікті жарғылық капиталға беру актісін жарамсыз деп тану туралы қаржы бөлімінің талап арызын қанағаттандырды.
"Павлодар облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесі мен "Асфальтобетон" ЖШС арасында жасалған 2020 жылғы 23 қаңтардағы № 1 сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылсын. 2021 жылғы 1 қазанда "JasybaiRezort" ЖШС жарғылық капиталына берілген мүлікті қабылдау-тапсыру актісі жарамсыз деп танылсын", – делінген сот қаулысында.
Сондай-ақ сот "Асфальтобетон" серіктестігінен мемлекет кірісіне 4,8 млн теңге көлемінде мемлекеттік баж салығын өндіру туралы шешім қабылдады. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ, тараптар бір ай ішінде оған шағым жасай алады.
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысындағы президент резиденциясында балалар лагері ашылады
Резиденцияның құны шамамен 1 млрд теңгені құрады. Алайда ғимарат алты есе төмен бағаға сатылды. Тексеріс жүргізген құзырлы органдар нысанның сатылуы әдейі төмен бағаланғанын анықтады.
"Объектіні сатқан кезде шенеуніктер дұрыс ақпарат бермеген. Мүлік толық және шынайы бағаланбаған. Соның салдарынан демалыс аймағындағы ғимараттар арзанға сатылған. Демалыс орталығының тұрғын емес нысандарын есептен шығару кезінде жер телімі бағаланбаған", – деді Павлодар облысының табиғатты қорғау прокуроры Ерлан Салханов.