Парамен ұсталған түркістандық полицей қашып кетпек болды
Түркістан облысында пара алды деген күдікпен криминалдық полиция қызметкері ұсталды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Ол Созақ ауданының тұрғынынан тіркелмеген аңшы мылтығын тапқан. Бірақ заң бұзған азаматты қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін одан 200 мың теңге талап еткен көрінеді.
Желіге таралған видеодан 38 жастағы күдіктіні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері жол бойында тінтіп жатқанын байқауға болады. Бірақ полицей өз қалтасындағы заттарды көрсетіп тұрған кезде қашуға әрекет жасаған. Алайда алысқа ұзай алмады.
Облыстық полиция департаменті тергеуге алынған қарамағындағы қызметкерді бірден жұмыстан босатыпты. Қазір жемқорлық дерегі бойынша өзге де тәртіп сақшыларына тексеріс жүргізіліп жатыр.