Polisia.kz басылымы Ішкі істер министрінің бұйрығымен ішкі істер органдарының үш қызметкері медальмен марапатталғанын хабарлады.

Астана қаласының учаскелік инспекторы Бақытжан Құлжановқа 21 қазанда 21 жасқа толмаған адамға алкоголь мен темекі сатқан дүкен сатушысы 50 мың теңге ұсынған. Дәлірек айтқанда ақшаны күртешесінің қалтасына салған. Бұл полицейдің бейнетіркегішіне түсіп қалған. Қазіргі таңда сатушыға қатысты пара беруге тырысқаны үшін сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Екінші оқиға Атырау облысында болған. 24 қазанда Атырау-Орал автожолында патрульдік полиция қызметкері Ризабек Сапанов Chevrolet Lacetti көлігін тоқтатады. Көлік жүргізушісі, 32 жастағы Ресей Федерациясының азаматының сақтандыру полисі болмай шығады. Ол инспекторға құжаттарын ұсынғанда өзін әкімшілік жауапкершіліктен босату үшін сыйақы түрінде 500 рубльді қоса береді. Қазір бұл бойынша да сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталған.

Ал қазан айының ортасында ҚАЖД қызметкері Салтанат Жәкеноваға жуырда колониядан шыққан азамат қоңырау шалып, оған бір қой мен "ай сайынғы азық-түлік сыйақысын" ұсынып, өзімен бірге тұратын әйелді пробациялық тексеруден босатып алмақ болған. Осыған байланысты 37 жастағы ақмолалық ұсталып, оған қатысты пара беру туралы қылмыстық іс қозғалды.


Оқи отырыңыз: ТМД елдері қашқын жемқорларды бір-біріне ұстап беруді міндеттейтін келісімге келді


Алғашқы аталған екі инспектор "Құқық тәртібін қамтамасыз ету еруге қосқан үлесі үшін" медалімен марапатталса, Салтанат Жәкенова "Қылмыстық атқару жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін" медаліне ие болды.