"Пәтерді тек ресейліктерге жалға береміз". Жарнама сайттарында осындай хабарландырулар көбейген
Ресей азаматтарына ғана жалға берілетін пәтерлер негізінен Астана, Қостанай, Атырау және Петропавлда кездеседі.Қазақстанда жарнама сайттарында "пәтерді тек ресейліктерге жалға береміз" деген хабарламалар көбейді. Мүлік иелері көрші елдің азаматтарына пәтерлерін 500 мың теңгеге дейінгі бағамен ұсынып жатыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Мамандардың айтуынша, ресейліктер Қазақстанға жаппай келе бастаған күннен бастап пәтер жалдау бағасы 40 пайызға артқан. Осы орайда жарнама сайттарындағы хабарландыру иесінің біріне қоңырау шалған арна тілшісі пәтер иесінің ресейліктерге бір баға, ел азаматтарына арзанырақ баға ұсынатынына көз жеткізген.
Риелторлар қауымдастығының өкілдері де соңғы екі аптада нарықта пәтерлердің жалдау ақысы шарықтап кеткенін айтады. Бірақ, олар мұны уақытша құбылыс деп болжап отыр.
"Қазір нарық тұрақсыз. Мүлік иелері әртүрлі баға қойып жатыр. Жалпы барлық санаттағы жалға берілетін пәтерлердің бағасы жиырма пайызға өсті деп айта аламыз", – дейді Қазақстан риелторлар қауымдастығының президенті Александр Пак.
Оқи отырыңыз: Қазақстан өңірлерінде пәтер жалдау бағасы қанша пайыз қымбаттады?
Ал салық органдарының өкілдері пәтерлерін қымбат бағаға жалға беретін тұлғалардың барлығын жауапкершілікке тарта алмайтынын айтады. Көбісі үйлерін паналағандарды туысымыз деп құтылады екен. Дегенмен, заң бойынша мүлік иелері жеке кәсіпкерлік ашып, мұндай табыс көзін көрсетуі керек деп отыр.
"Егер азаматтар тиісті салық есебін тапсырмаса, онда оларға алғашында ескерту беріледі. Ал бір жылдың ішінде мұндай заң бұзушылық қайталанған жағдайда 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады", – деді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстанда 3 700 пәтерді жалға беруші өз еріктерімен кәсіптерін заңдастырған.