2023-2024 оқу жылында Қазақстанның жоғары оқу орындарында өзге өңірлерден келген 313,1 мың студент білім алды. Бұл былтырмен салыстырғанда 6,1%-ға көп, деп хабарлады EnergyProm.

Олардың көпшілігі Алматы, Астана және Шымкентте, сондай-ақ Қарағанды ​​мен Қостанай облыстарында білім алған. Осы бес аймақта оқитын студенттердің үлесі 73,2%-ды құрайды.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген студенттердің 134,6 мыңы жатақханаға мұқтаж болған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 14%-ға артық. Басқа өңірден келген студенттердің арасында жатақханаға мұқтаждардың үлесі 43% құрады. Мұндай студенттер Алматы, Астана қалаларында және Қарағанды ​​облысында көп

Бұл ретте жатақханада небәрі 93,5 мың адам тұрған. Алайда олардың саны бір жыл ішінде 27,9%-ға өсті. Ал мұқтаждармен салыстырғанда жатақханада тұрғандардың үлесі 69,4 пайызды құрады.

Кейінгі бірнеше оқу жылын салыстырсақ, "коронавирусқа дейінгі" кезеңде жатақханаға мұқтаждардың ішінде жатақханада тұратын студенттердің үлесі қазіргіден жоғары болды деп айта аламыз. Мәелен, 2017-2018 оқу жылында – 79,7%, 2018-2019 оқу жылы – 76,7%, 2019-2020 оқу жылы – 71,5% болса, пандемия кезінде 2020-2021 жылы – 38,1%-ға төмендеді. Көрсеткіштер әлі "коронавирусқа дейінгі" уақытқа жеткен жоқ.

Өзге өңірлерден келген студенттердің жалпы санынан жатақханаға мұқтаждардың үлесіне келетін болсақ, 2020-2021 оқу жылында бірнеше жылдан бергі көрсеткіш 33,3%-ға дейін төмендеді. Бірақ содан кейін өсе бастады.

Өңірлер бойынша Түркістан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қызылорда, Атырау, Жетісу облыстарындағы оқу орындары студенттерді жатақханамен толық қамтамасыз ете алды. Жатақханамен аз қамтылған өзге өңірлерден келген студенттердің үлесі жағынан Ұлытау облысы (бар болғаны 36,7%), Ақмола облысы (51,6%), Алматы (62,2%), Астана (64,8%) және Ақтөбе облысы (65%)  алда тұр.

Биыл қаңтар-сәуір айларында республика бойынша 12 жаңа жатақхана пайдалануға берілді. Бір жыл бұрын дәл осы кезеңде 17 жатақхана ашылған болатын.