"Өзенмұнайгаз" АҚ бас директорының бұрынғы орынбасары ұсталды
Оған өзінің қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылып отыр."Өзенмұнайгаз" АҚ Бас директорының бұрынғы орынбасары Ермек Қарамырзаев (қазіргі таңда "Қаражанбасмұнай" АҚ бас директорының орынбасары) ұсталды, деп хабарлады ҚМА Маңғыстау облысы бойынша департаменті.
Оған "КЕЗБИ" ЖШС және "Өзенмұнайгаз" АҚ-ның басқа да мердігер ұйымдарының заңды кәсіпкерлік қызметіне кедергі жасау мақсатында өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланған деп күдік таңылған.
Қарамырзаев конкурстың жекелеген қатысушыларының біліктілік талаптарына сәйкес келмейтінін және мұнай-газ саласындағы жұмыс тәжірибесі туралы жалған құжаттар ұсынғанын біле тұра, оларды тендерге қатыстырған.
Олардың мүдделерін қолдауды жалғастыра отырып, ол "КЕЗБИ" ЖШС компаниясы үшін ұңғымаларды жерасты жөндеу бойынша көрінеу қолайсыз шарт жасасуға мәжбүр етті.
Өзінің заңсыз әрекеттерімен ол "КЕЗБИ" ЖШС-нің заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірді және мыңнан астам қызметкердің құқықтарын бұзды, сондай-ақ мердігер ұйымдардың еңбек ұжымдарында әлеуметтік шиеленіс тудырды.
ҚР ҚПК 201-бабының негізінде өзге ақпарат жария етілмейді.