Өздігінен жүре алмайтын 95 жастағы тыл ардагері мүгедектік рәсімдей алмай жүр
Қызылорда қаласында жүріп-тұра алмайтын, есту және көру қабілетінен айырылған 95 жастағы тыл ардагері мүгедектік ала алмай әлі жүр. Кейуананың туыстарының айтуынша, дәрігерлер әртүрлі құжатты сылтауратып, қажетті диагнозды бекітпей, әбігерге салған. Тіпті қарияның жағдайын көзбен көрген медицина мамандарының мәселені не себепті сонша қиындатқаны түсініксіз, – дейді олар. Бірнеше ай бойы құжат жинап шаршаған жақындары енді құзырлы органдарға шағымданбақ, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Төсекте бүктетіліп қимылсыз жатқан кейуананың есімі – Бейбіш Әлиева. 95 жастағы тыл ардагерінің соңғы жылдары денсаулығы нашарлап, төсектен тұра алмай қалған. Оның үстіне қос жанары көрмей, есту қабілеті күрт төмендепті. Осы себепті туыстары мүгедектік рәсімдеуге кіріскен. Алайда олар емхана дәрігерлері процесті созып жіберіп, жұмысты қиындатты деп наразы.
"Үйге алты дәрігер келді. Көрді де, рентгенге апару керек деді. Біз апара алмаймыз деп айттық. Жатысы осы — жүргізе алмаймыз, тұрмайды. Құлағы естімейді, көзі көрмейді. Соған қарамастан бір айдан асып кетті. "Көреміз, істейміз" дейді де қояды. Дәрігерлер көмектесудің орнына жұмысымызды көбейтіп отыр", – деді Несібелі Әлиева, Бейбіш әжейдің қызы.
Өздігінен жүріп-тұра алмайтын Бейбіш әжейдің мүгедектік ала алмауына дәл осы емхананың дәрігерлері кінәлі деп есептейді туыстары. Өйткені медицина мамандарының талаптары тым артық және орындалуы қиын. Ал емхана өкілдері бұл мәселеге қатысты пікір білдіруден бас тартты.
Оқи отырыңыз: Тоқаев Түрікменстанда Бейтараптық монументіне гүл шоғын қойды
Әлеуметтік бағдарламаларға жауапты департамент мамандары да дәрігерлердің әрекетіне таңданыс білдірді. Айтуларынша, мұндай жағдайда мүгедектікке құжат рәсімдеудің басқа да жолдары бар.
"Жасына байланысты және қозғалу мүмкіндігі болмағандықтан, науқасқа үйде қызмет көрсету қарастырылған. Егер пациент емханаға бара алмаса, дәрігерлерді үйіне шақыруға болады. Мысалы, окулист, психиатр, невролог келіп, тексеріп, қорытынды жасайды. Үйден шықпай-ақ, мүгедектік белгілері расталса, бізге жолдай алады", – деді Мәдина Жұмағалиева, Қызылорда облыстық халықты әлеуметтік қорғау және бақылау департаментінің бөлім басшысы.
Жауаптылардың түсіндіруінше, қиындықты дәрігерлер өздері туындатып отыр. Ал ғасыр жасаған әжейдің жағдайы күн өткен сайын нашарлап барады дейді туыстары. Осыған байланысты олар медицина қызметкерлерінің үстінен сотқа шағым түсірмек.