Биыл қазақтың үш биінің бірі – Әйтеке бидің 380 жылдығы Өзбекстанның Науаи облысында мерекеленеді деп жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігі хабарлады. 

"Биыл 380 жылдықты халықаралық дәрежеде өткіземіз. Атап айтқанда, халықаралық ақындар айтысын ұйымдастырамыз, өнерпаздар концерт береді. Бұған қоса, 16 мамырда баба басында ас беріледі", – деді Науаи облысы қазақ мәдени орталығының төрағасы Төрехан Нарынбетов. 

Басылымның жазуынша, Әйтеке бидің кесенесіне зиярат ету үшін жыл сайын 7-8 мың шетелдік турист келеді. Қазіргі уақытта кесенені бағып-күтумен Науаи облысындағы қазақтар айналысады. 


Оқи отырыңыз: Өзбектер Төле биді "Қалдирғоч би" деп неге атайды?


"Әйтеке би зиярат кешеніне жыл сайын 7-8 мың шетелдік келеді. Соның арқасында Нұрата ауданы танымал саяхат бағытына айналды. Мұнда келушілерге қызмет көрсету ісі жақсы дамыған. Әйтеке би кесенесі мәдени мұра нысаны саналады. Оған қоса мұнда "Шошма" кешені де бар. Биыл біз осы жерлерде саяхатшылардың үлкен бөлігін қабылдауды көздеп отырмыз. Бір ғана Әйтеке бидің 380 жылдығында Қазақстаннан 2 мың мейман келеді деген болжам бар. Одан бөлек мұнда ішкі туристерде көп келмек", – деді Науаи облысы бойынша туризм басқармасының басшысы Дильшод Ходжаев.

Ұйымдастырушылар бұл шараға түркі мемлекеттері және халықаралық ұйымдардан мәртебелі меймандарды шақырмақ. Оның аясында Әйтеке бидің өмір жолын келешек ұрпаққа насихаттайтын ғылыми кеңес өткізу жоспарланып отыр.