Өзбекстанда 2026 жылы халық санағы ұйымдастырылмақ. Қазір ел халқы "2026 жылы халық санағын өткізу туралы" заң жобасын талқылап жатыр. 

Өзбекстанда халық санағы өткізілмегеніне 34 жыл болған. 2022 жылға жоспарланған халық санағы коронавирус пандемиясына байланысты кейінге шегерілген болатын. 

Жоба қолдау тапса, Өзбекстан бойынша елді мекендер мен көше атауларын белгілеу, үйлер мен ғимараттарды нөмірлеу жұмыстарын аяқтауға 2025 жылғы 1 қарашаға дейін уақыт беріледі. Өйткені, 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін республика аумағындағы әкімшілік-аумақтық бірліктердің шекараларын өзгерту, топонимикалық нысандарға атау беру және олардың атауларын өзгерту жұмыстары уақытша тоқтатылады.


Оқи отырыңыз:


Елдің Статистика агенттігінің мәліметінше, 2024 жылғы 1 шілдеде Өзбекстан халқының саны 37,13 миллион адамды құраған. Ерлердің саны әйелдерге қарағанда сәл артық: ерлер саны 18,7 миллион болса, әйелдер саны 18,43 миллионды құрайды. Ерлердің орташа жасы 28,5 жас, әйелдердікі – 30 жас. 

Сондай-ақ, қала мен ауыл тұрғындары санында да аса алшақтық жоқ. Өзбекстанда қалаларда 18,94 миллион адам тұратын болса, ауылдарды 18,19 миллион адам мекендейді.