"Өтелмеген парыз": Қазақстанның Ауғанстанға көмегі туралы фильм жарыққа шықты
2025 жылғы қарашада Sayahat Time командасы Қазақстанның гуманитарлық миссиясы құрамында Ауғанстанға барып, "Өтелмеген парыз" атты деректі фильм түсірді. Фильмде Ауғанстандағы қазіргі ахуал, қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігі және Қазақстанның халықаралық гуманитарлық рөлі көрсетіледі. Жоба Ауғанстан тақырыбын тек сыртқы стереотиптер арқылы ғана емес, нақты адамдардың өмірі мен гуманитарлық миссия арқылы ашуға тырысады. "Өтелмеген парыз – тек Ауғанстан туралы фильм емес. Бұл – жауапкершілік, гуманитарлық көмек, адам тағдыры және өңірлік тұрақтылық мәселесін қозғайтын маңызды медиажоба.
Жақында Алматыда БҰҰ ғимаратында деректі фильмнің көрсетілімі өтті. Іс-шараға фильм авторлары Ернар Алмабек пен Жазира Байдалы, ҚР Ауғанстандағы Елшілігінің кеңесшісі Айят Елеусінов, БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының Орталық Азиядағы өкілінің басшысы Махир Сафарли қатысып, пікір алмасты.
Ернар Алмабек – режиссер, фотограф, отандық цифрлық медиада қазақ тіліндегі сапалы контентті дамытуға және туризмді насихаттауға елеулі үлес қосып жүрген блогер. Ол Ауғанстанға бұдан бұрын екі рет жалғыз сапарлаған. Бұл жолы жолдасы Жазирамен бірге баратын болған соң сапар қалай болар екен деп уайымдаған.
"Қауіпсіздігімізге кепілдік берілгенмен де, қалай болар екен деп алаңдадым. Ауғанстан секілді елдерде камерамен жүргенде уайымдайсың. Фильм түсіру барысында қиындықтар болды. Жанымызда күзет жүрді. Ауғанстан тарапынан да адамдар жүргендіктен бұл сапарым қауіпсіздік, ұйымдастыру жағынан жеңіл болды. Он күндік сапарды, миссияның мақсатын 17 минутқа сыйдыру оңай емес. Атау таңдаған кезде де біраз ойландық. 20-ғасырдың басында қаншама қазақ Ауғанстанға көшіп, аман қалды. Отыз жылда Қазақстанға 17 мың адам көшіп келді. Біздің миссиямызға соның қайтарымы деп қарап, деректі фильмді "Өтелмеген парыз" атадық. Ауған халқының менталитеті бізге ұқсас. Қонақ болғаның үшін өзіңді қауіпсіз сезінесің. Олар қонақты бірден таниды. Қонақты ренжітпеу керек, сыйлау керек дейді. Әр дүкенде Қазақстанның ұны, сұйық майы тұрады. Олар үшін өнімдеріміздің сапасы жоғары екен. Қазақстанды өте жақсы біледі", – деді Ернар Алмабек.
Ол миссия кезінде дәрігерлермен бірге операцияға кіргенін, алайда мұның бәрі 17 минутқа сыймағанын айтты. Қосымша видеоблог форматында екі фильм түсірген.
Жазира Байдалы – отандық цифрлық медиада қазақ тіліндегі танымдық және саяхат контентін дамытып жүрген блогер, журналист. Ол Ауғанстанға Қазақстан миссиясымен бірге баруға ұсыныс түскенде бірден келіскен.
"Ауғанстан – өте алуантүрлі ел, мәдениетіне тамсандым. Адамдардың бәрі еңбекқор, ашық. Сапарымыз жақсы өтті. Мүмкіндік болса тағы да сапарлап, басқа да фильмдер түсірер едік. Ауғанстанда көрген дүниелер қарапайым бақыттың не екенін ұқтырды. Адамдардың күнделікті өз өміріне бақытты бола алатынына қайран қалдым. Сол себепті үміт пен құштарлыққа толы фильм шықты деп ойлаймын", – деді Жазира Байдалы.
БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының Орталық Азиядағы өкілінің басшысы Махир Сафарли бұл Ауғанстандағы жағдай туралы деректі фильм ғана емес, бұл Қазақстанның келбетін көрсететін ниеттестік, адамгершілік туралы туынды екенін айтты. Ол фильм авторлары Ауғанстандағы қиын жағдайды адамдардың оқиғалары арқылы көрсетіп отырғанын атап өтіп, фильмнің шығуына үлес қосқан ұйымдарға алғыс айтты.
Бұл – Қазақстанның Ауғанстанға жіберген алғашқы гуманитарлық көмегі емес. Бұл жолы жүк тиелген әскери ұшақпен 13 дәрігер қоса аттанды. Қиын жағдайда қалған халыққа төсек-жабдық, шатыр, киім-кешек, медициналық құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмектер жөнелтілді. ҚР Ауғанстандағы Елшілігінің кеңесшісі Айят Елеусінов алдағы уақытта Қазақстанның медицина күндерін өткізу жоспарда бар екенін айтты. Ол кезде бұдан да көп дәрігер тәжірибесін бөлісіп, ауған халқына көмек береді.
"Бұл халықтың мәдениеті, менталите бізге жақын. Әлеуметтік, тұрмыстық жағынан қиындықтар бар. Ол жақта адамдар өмірден түңілмейді, өте төзімді халық. Дипломатиялық жұмыс ерекшеліктері бар. Қауіпсіздік, қарым-қатынас жағынан классикалық дипломатия деп айта алмаймын, бірақ олармен де тіл табысуға болады. Келісімшарт жасау, іс-шара жүргізу, қағазбастылық жағын алып қарасақ олармен жұмыс істеу оңай. Кейде шұғыл шаралар болып қалғанда, мысалы, Таяу Шығыста болған жағдайға байланысты сол жақтардарғы қазақстандықтардың басым көпшілігі Ауғанстанның әуе кеңістігімен ұшты. Басқа елдердің әуе кеңістігімен ұшу үшін бір апта бұрын рұқсат қағаз алу керек. Ал Ауғанстан билігімен екі сағатта келістік. Сондықтан нағыз дипломат боламын деген жастарға Ауғанстан секілді елдерге барып тәжірибе алуға кеңес беремін", – деді Айят Елеусінов.