Отандық лоукостер Алматы – Самарқан бағытында алғашқы рейсін орындады
Қазақстандық лоукостер FlyArystan Алматы – Самарқан бағыты бойынша алғашқы FS7879 рейсін орындады, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Рейстер 17 наурыз бен 30 мамыр аралығында, сондай-ақ 1 қыркүйек пен 24 қазан аралығында, яғни көктемгі және күзгі маусымда, аптасына екі рет – сейсенбі және сенбі күндері орындалады.
Ұшу ұзақтығы – 2 сағат.
Күндізгі рейс уақыты жолаушыларға сапарларын ыңғайлы жоспарлауға мүмкіндік береді.
"Самарқан халықаралық әуежайында рейстің қайта іске қосылуына орай символикалық іс-шара ұйымдастырылды. Бірінші болып тіркелген жолаушыға тегін әуебилетке сертификат табысталды. Іс-шара аясында Самарқанд қаласының әкімдігі, Қазақстанның Самарқандағы Бас консулдығы және әуежай басшылығы өкілдерінің қатысуымен қызыл лента қию рәсімі өтті. Алматыдан келген FlyArystan әуекемесін әуежайда дәстүрлі су доғасымен қарсы алды", – делінген хабарламада.
Самарқан – Орталық Азияның ең көне қалаларының бірі. Ол өзінің сәулет ескерткіштерімен және бай тарихи мұрасымен кең танымал. Негізгі көрікті орындарының қатарында Регистан алаңы, Гур-Эмир кесенесі және Шахи-Зинда сәулет кешені бар.