ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұлттық киноны дамыту мен оны халықаралық деңгейде ілгерілету жұмыстарын жалғастырып келеді.

2020–2025 жылдар аралығында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы түрлі жанрдағы 119 киножобаны жүзеге асырды. Осы кезеңде отандық фильмдер 300-ден астам халықаралық кинофестивальге қатысып, 177 жүлде иеленді. Кейінгі екі жылда өткізілген үш питчинг нәтижесінде 57 жобаның 40-ы жас кинематографистердің қатысуымен іске асып жатыр.

2024 жылы конкурсқа іріктеу ережелері қайта қаралып, процесс ашық әрі тиімді форматқа көшті:

  • сценарий әзірлеу мерзімі қысқарып,
  • құжаттар электронды түрде қабылданды,
  • сарапшылар кеңесінің дауыс беру механизмі жетілдірілді.

Нәтижесінде қазақ тіліндегі сценарийлердің үлесі 75%-ға дейін артты, ал режиссерлердің қатысу белсенділігі өсті. Мемлекеттік қолдауға ие болған Qaitadan фильмі прокатта 1 миллиард теңгеден астам табыс жинап, инвестицияны бес есеге қайтарды. Бұл кино саласындағы мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігін дәлелдеді.

2025 жылы өңірлік таланттарды анықтау мақсатында JARQYRA республикалық кастингі басталды. Бұл жоба жас актерлерге өздерін танытуға және ұлттық кино индустриясына қосылуға мүмкіндік беріп жатыр. Сонымен қатар "Қазақ киносының онкүндігі" акциясы аясында отандық фильмдер Қарағанды, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Жетісу облыстарында көрсетілді. Қазір қазақстандық фильмдер тек кинотеатрларда ғана емес, онлайн платформаларда да қолжетімді. "Кинопоиск" сервісімен бірлесіп, 17 фильмнен тұратын арнайы жинақ әзірленді. Оған "Патриоттар уақыты", "Каникулы off-line 2", "Дос-Мұқасан", "Қажымұқан" және басқа да туындылар енген.

Халықаралық деңгейде де қазақстандық киноның беделі артып келеді. Биыл еліміз Канн кинофестивалінің Marché du Film кинонарығына алғаш рет KazakhCinema ұлттық стендімен қатысып, шетелдік серіктестіктермен ынтымақтастық орнатты.

Канн қаласында Франция мен Грузия ұлттық киноорталықтарымен меморандумдарға, ал Ақтауда Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстан ұйымдарымен келісімдерге қол қойылды.

Халықаралық жобалардың қатарында Локарно мен Пусан фестивальдерінде ұсынылған "Сказка о морских псах" деректі фильмі және "Победителей видно на старте" атты бірлескен фильм бар.

Министрлік мәліметінше, қазақстандық кино өнері кейінгі жылдары жаңа белестерді бағындырып, отандық әрі шетелдік көрерменге сенімді түрде жол табып жатыр.