Отандық телесериалдардың сапасы неге түрік, кәріс туындыларынан төмен?
Qazaqstan телеарнасының басшысы мұны қаржыландыру деңгейіндегі алшақтықпен байланыстырады."Қазақстан" РТРК" АҚ басқарма төрағасы Ләззат Танысбай "Қазақ әдебиеті" басылымына берген сұхбатында отандық телесериалдардың сапасындағы олқылықтар туралы сауалға жауап берді. Телевизия маманы кез келген сериалдың сценариі, кастингі, актерлері мен режиссерлерінің еңбегі, монтаждау және постпродакшн жұмыстары ауқымды қаражатты қажет ететінін алға тартты.
"Қазақстандық сериалдар сапасы жағынан түрік, ресейлік, кореялық компаниялар түсіріп жатқан сериалдардан кемшін түсетіні осыдан. Жыл сайын корпорацияға 195 бөлімді сериал өндірісіне 1,2 миллиард теңге мөлшерінде қаражат бөлінеді", – деді Ләззат Танысбай.
Оқи отырыңыз:
- "Субтитр қазақ тілінің мәртебесін түсіреді". Қазақстанның кино нарығы туралы дубляж режиссерімен сұхбат
- Режиссер Дәрежан Өмірбаев: Жеке кино институтының болмауы – ауру
Ол келтірген деректерге сәйкес, түріктерде тарихи жанрдағы сериалдың бір бөлімі үшін 500 мың АҚШ долларына дейін, мелодрама форматындағы сериал үшін 100 мың долларға дейін қаражат бөлінеді. Ресейлік телеарналар тарихи жанрдағы сериал үшін 150-500 мың, мелодрама үшін 80 мың АҚШ долларын жұмсайды.
"Ал біздің нарықта сериалдар шығаруға арналған тарифтер жоғарыда көрсетілген арналармен салыстырғанда едәуір төмен. Мысалы, бізде мелодрама форматындағы сериалдардың 1 бөлімі үшін 13 мың, тарихи сериалдар үшін 30 мың АҚШ доллары шамасында қаражат қарастырылған. Елімізде сериал нарығы енді қалыптасып келе жатқандықтан, мұндай мәселелер уақыт өте келе шешімін табады деген ойдамын", – деді Ләззат Танысбай.