Қазақстанда орман өртінің жиілеуіне байланысты орман өртін сөндіру станцияларын техникалармен жабдықтау тәртібі жаңартылмақ. Бұл туралы Ашық НҚА порталындағы құжат жобасынан белгілі болды. 

Егер бұған дейін аталған станциялар техникалардың тек 16 түрімен жабдықталса, енді олардың саны 23-ке дейін артады. Станциялар жабдықталатын жаңа техникалардың түрлеріне келесілер жатады: 

  • Кіші орман патрульдік өрт кешені;
  • Ұшқышсыз ұшу аппараты (дрон);
  • Аспалы қозғалтқышы бар моторлы қайық;
  • Аспалы қозғалтқышы бар моторлы қайықты тасымалдауға арналған тіркеме;
  • Жол талғамайтын орман өртін сөндіру көлігі;
  • Толық жетекті шасси базасындағы жолаушылар көлігі;
  • Тіркемелі өртке қарсы модуль (су таратқыш). 

Оқи отырыңыз: Депутат орман саласы мамандарын Түркия, Оңтүстік Корея, Канада елдерінде оқытуды ұсынды


Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің түсіндіруінше, ҚР Мемлекеттік орман қорының аумағы шөлді және дала аумақтарынан, жайылмалы ормандардан, жасыл аймақтардан, тау бөктері мен таулы жерлерден тұрады. Бұл ретте дрондар аяқ жетпейтін жерлерді бақылауға мүмкіндік береді.

"Жол талғамайтын (батпақта жүретін) өрт сөндіру көлігі кез-келген жету қиын жерлерде қозғалуға қабілетті, бірақ ең алдымен сулы-батпақты жерлерге жүруге және әртүрлі су кедергілерін жеңуге мамандандырылған. Әрбір жол талғамайтын өрт сөндіру көлігі көп көліктер жүре алмайтын батпақты жерде көп күш жұмсамай-ақ жеңе алады. Шығыс Қазақстан облысындағы мемлекеттік орман қоры, оның ішінде Катонқарағай, сондай-ақ Абай және Қостанай облыстары аумағында болған ірі орман өрттері аталған техникалардың қажеттілігін көрсетті", – делінген комитеттің түсіндірме жазбасында.