Оралда жауыннан әкімдік ғимараты зардап шекті. Қалада төтенше жағдай жарияланбақ
Толассыз жауған жауыннан қар күрт еріп, қала көшелері мен аулаларды су басқан.Ашық НҚА порталында Орал қаласы әкімінің қалада жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялау жөніндегі шешімінің жобасы жарияланды. Оған негіз – 26 наурыздағы Орал қаласы әкімдігі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын-алу және жою жөніндегі жоспардан тыс комиссия отырысының хаттамасы.
"Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялансын. "Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесінің басшысы зардап шеккен объектілерді тексеру жүргізсін", – делінген шешім жобасында.
Шешім алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізілуі тиіс.
Еске салайық, Оралда толассыз жауған жауыннан қар күрт еріп, қала көшелерін су басқан болатын. Су көшелер мен жаяу жүргіншілер жолын басып, жер үйлерге кірген. Тіпті қала әкімдігінің ғимараты да жауын суынан зардап шекті.
Қала әкімдігінің мәліметінше, Орал көшелерінде су соруға 70 шақты техника жұмылдырылған.
Оқи отырыңыз: 2024 жылғы ораза кестесі: Орал қаласы