Оралда бес мектепке жаңа автобустар берілді
Мектеп оқушыларының сапалы да, алаңсыз білім алуы үшін бұл бастама Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетімен қолға алынған болатын.
Айта кетейік, облыс орталығында осы күнге дейін 8 мектепке балалалар тасымалы ұйымдастырылса, енді міне Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов 5 мектепке су жаңа автобустарды табыстады. Олар нөмірі 12, 38, 32, 14, 20 мектептер. Заманауи автобустарда қауіпсіздікке айрықша назар аударылған. Көлік есігі ашық тұрғанда қозғалысты тежейтін механизмі бар. Тіпті ішіне бейнебақылау камерасы орнатылып, сөмкелерді қоятын сөрелер мен қауіпсіздік белдіктері қарастырылған. Осылайша шаһарда жалпы саны 2700 оқушы сабаққа арнайы автобуспен барып оқитын болады.
Ата-аналар өтініші бойынша Желаев кентіндегі 14 мектеп те көлігі бар білім ордалары санатына қосылып отыр. Себебі, балалар мектепке қатынау үшін темір жол өткелін кесіп өтеді. Оқушылар өміріне осы қолайсыздықтың қауіптілігін ескерген әкімдік аталмыш білім ошағын тізімге енгізген.
"Қаламыздағы барлық мектептерде қауіпсіздікті сақтау бағытындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Арнайы турникеттер, дабыл қондырғыларын жедел басқару орталығымен байланыстыру, бейнебақылау камераларын орнату ісі толық атқарылды. Біраз жылдан бері күн тәртібінде тұрған мектеп автобустарын жаңарту мәселесіне республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, шешімін тауып келеді. Жаңа көліктеріңіз құтты болсын", – деді кездесуде сөз алған Орал қаласының әкімі Сатқанов Миржан Мұнайдарұлы.
Шаһар мектептерінде 60 мыңдай оқушы білім алады. 3000-ға тарта бала арнайы автобус тасымалы қызметін пайдаланды. Бұл күні балаларының қауіпсіздігіне алаң болған ата-аналардың қуанышында шек болған жоқ.
Алғысын білдірген Айгүл есімді ана: "Біз өте қуаныштымыз. Автобустар жаңаланып, барлық жағдай жасалып жатыр екен. Біздің балаларымыз үшін қауіпсіздік маңызды. Сабақтан үйге оралғанша амандықтарын тілеп, күтіп отырамыз. Көп рақмет сіздерге", – деп ағынан жарылды.
Заманауи автобустар бұған дейін облыс аудандарындағы білім ордаларына алынған еді. Сонымен қатар, нөмірі 18, 22, 30, 48 мектептерде мердігерлер арқылы оқушылар тасымалы жолға қойылған.