Оралда ардагер журналистке ескерткіш тақта қойылды
Майдангер, әрі өз ісінің майталманы болған азамат 1937 жылы Қазақстан коммунистік журналистика институтына оқуға түсіп, 1940 жылы бітіріп шығады. Кейін Павлодар облысындағы "Қызыл ту" газетінде редактордың орынбасары қызметін атқарады. Ал соғыс жылдарында ротаның саяси жетекшісі болған. Майдан шебінде жүріп те қаламын қолынан тастамаған. Сол кездегі "Қызыл әскер" деп аталған газетте жұмыс жасап, жазбаларын шығарып жүрген.
Ардагер журналист облыстық "Орал өңірі" газетінде 1948 жылдан 1951 жылға дейін еңбек еткен. Ал 1963 жылдан 1973 жылға дейін бас редактор қызметін атқарыпты. Хабир Нұрмұхамедов – еңбек және соғыс ардагері ретінде көпті көрген жан, білімі мен еңбекқорлығы өз алдына бөлек әңгіме. Ескерткіш тақтаның ашылуына өңірдің зиялы қауымы мен облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты. Аймақ басшысы ардагердің еңбегін атап өтті.
"Осы елдің дамуы үшін, соның ішінде Батыс Қазақстан облысының дамуына үлкен үлес қосқан журналист, майдангер ағамыздың құрметіне бұл тақтаны ашқалы тұрмыз. Осы жерге бүгін оның ұрпағы-ұлы келіп отыр. Ұрпақтар сабақтастығы деп жатамыз. Кейінгі ұрпаққа осы игі ісіміз үлгі-өнеге болады деген ойда іс-шараның басы-қасында тұрмыз", – деді Нариман Төреғалиұлы.
"Сол кезде облыстық қос газетке бір редактор болған. Екі газет бойынша екі орынбасары болыпты. Жауапты, лауазымды қызметті жылдар бойы абыроймен атқарған, елдің өркендеуі үшін бейбіт күнде білім-білігін, қажыр-қайратын сарқа жұмсаған азамат. Отан үшін от кешкен жан", – деп тебіріне сөйледі жиында сөз алған "Орал өңірі" газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин.
Ардагер тілші 2008 жылы Орал қаласында дүние салды. Журналистика саласында талай жасқа бағыт-бағдар беріп, тәлім-тәрбиесін аямаған дарабоз жанның өмірі шынында да көпке үлгі. Бұл ескерткіш тақтаның орнатылуы БАҚ саласы майталмандарына көрсетілген зор құрмет екені анық.