Оралда 89 миллион теңге жинаған қаржы пирамидасы әшкере болды
Қаржылық мониторинг агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті "Imrat Group" атты қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты. Канаданың, Гонконг пен Ұлыбританияның атынан тіркелген жалған халықаралық инвестициялық компания ретінде жасырынып, алаяқтар азаматтарға күнделікті 0,5%-дан 1,5%-ға дейін "жоғары табыс" уәде еткен.
Қатысу үшін азаматтар арнайы реферальды сілтеме арқылы тіркеліп, криптовалюта әмиянына 20-дан 10 мың АҚШ долларына дейін (USDT баламасында) қаражат аударуы қажет болған.
"Алайда іс жүзінде салымдар тек пирамида ішіндегі қатысушылар арасында қайта бөлініп отырған – төлемдер жаңадан тартылған қаражат есебінен жүргізілген. Қатысушыларды тарту мақсатында күдіктілер заңды инвестициялық қызмет түрінде көрсету үшін белсенді жарнама жүргізіп, кеңселер жалдап, түрлі презентациялар мен конференциялар ұйымдастырған. Сондай-ақ, Telegram-арна ашып, онда тұрақты түрде жоғары табыс пен инвестициялардың қауіпсіздігін насихаттайтын бейнематериалдар жариялап отырған", – деді ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан.
Ұйымның заңсыз қызметі дер кезінде тоқтатылған соң пирамидаға бар-жоғы 30 азамат тартылған. Олардың салған қаражаты 89 млн теңгеден асады.
Қылмыстық іс сотқа жолданды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Қаржылық мониторинг агенттігі қаржы пирамидаларының жолын кесу және оларды анықтау бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастырып жатыр. Жыл басынан бері:
- 31 қаржы пирамидасына қатысты 90 сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды;
- 7 млрд теңге көлемінде залал өтелді;
- жалған инвестициялық жобалар туралы ақпарат таратқан 14 мыңнан астам интернет-ресурс бұғатталды;
- Instagram мен Telegram платформаларында 535 мыңға жуық қатысушысы бар 100-ден астам заңсыз чаттар жабылды.
ҚМА сайтында қаржы пирамидаларының тізімі жарияланған. Сондай-ақ, агенттікте қаржы пирамидаларының белгілерін тексеруге мүмкіндік беретін "Baiqa, piramida!" Telegram-боты іске қосулы.
"Сіз немесе жақындарыңыз қаржы пирамидасына алданып қалса тұрғылықты жеріңіз бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүгінуді сұраймыз. Азаматтарды сақ болуға және күмәнді қаржылық ұйымдарға жинақтарын салмауға шақырамыз", – делінген агенттік хабарламасында.