Ақтөбеде көпсалалы колледждің ата-аналары наразылық білдірді. Олар оқу ақысының 550 мың теңгеге жеткенін түсіне алмай дал, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Қымбатшылыққа қарсы болған жандар өзгеріс қалтамызға салмақ түсіреді деп отыр. Білім ошағының басшылығы біздің пікірімізді пысқырмай, шешім қабылдады дейді шағымданушылар. 

Колледж алдына келген ата-аналарды директордың уәдесінде тұрмағаны ашындырған. Өйткені, басшылық былтыр бұдан былай оқу ақысын өсірмейміз деген көрінеді. Алайда биыл тағы 150 мың қосып, төлемді 550 мың теңгеге аспандатып жіберді деп отыр. 

"1-курста түскенімізде 200 мың болды. 2-курсқа келгенде тағы үстіне қосты. 3-курсқа келгенде тағы сол 100 мыңнан қосып отырды. Енді сол 3-курста 400 мыңға көтерді. Жақсы дедік. Енді міне 4-курс болғанымызда бір 100 мың емес, 150 мыңды үстіне қосып жіберіп тұр", – деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Садатхан Мырзабаев. 

 

Бұл тұрғындардың ұл-қыздары медбике мамандығы бойынша білім алады. Дені бір айлық табысқа қарап отырған отбасылар. Бір үйде бірнеше студентті тәрбиелеп отырғандары да бар. Көпшілік қазіргі кезде баланы ақылы оқыту оңайға емес деп күйінеді. 

"Қазір жағалай қымбатшылық. Барлығы қымбаттап жатыр. 150 мың теңге қосып отыр. Өте қиын. Бұл деген енді ол біздер соңғы курс болғандықтан енді осылай бұрынғы сомамызды қалдыруды өтінеміз", – деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Дархан Базарбаев.     

Ал колледж басшылығы өз уәжін айтты. Сөзіне сенсек, оқу жылының басында ата-аналарға ескерту жасалған. Тіпті келісімшартқа да қол қойылды деп отыр. Ал бағаның көтерілуін ұстаздардың жалақысын арттырумен байланыстырады. 

"Қазіргі заманда білесіздер бар жерде айтылып жатыр ғой мұғалімнің зарплатасын көтеріңіздер деп. Нарық заманына сәйкес бізде мұғалімнің зарплатасын көтерілгесін. Бұл жеке не болғасын колледж болғасын ақы көтерілгені рас. Бәріңізде қолдарыңызға келісімшарт бергенде әр студентке біз ескертпе жасап айтамыз", – деді "Болашақ" көпсалалы колледж директорының орынбасары Гүлназ Орынтайқызы. 

Аталған колледжде "Мейіргер ісі" мамандығы осыдан төрт жыл бұрын ашылған. Алғашқы түлектері келер жылы бітіреді.