Бізде Назарбаев зияткерлік мектептерінің толық дербестігін қамтамасыз ететін заң бар. Осы орайда, тілдер бөлінісінде квота бөлу, сыныптарды жабдықтау, жаңа мектептер ашу мәселелерін министрлік емес, қамқоршылық кеңесі шешеді, деп мәлімдеді ҚР оқу-ағарту министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім комитеті бас сарапшысы Ерлан Маяемиров.

"Біз көпшіліктің жағдайды түсінбейтінін және НЗМ мектептері министрлікке бағынысты деп санайтынын көріп отырмыз. Осы орайда "НЗМ" ДББҰ-ның толық дербестігін қамтамасыз ететін арнайы заң бар екенін еске салғымыз келеді. Яғни, НЗМ мектептері оқу-ағарту министрлігіне бағынбайды", – деді Ерлан Маяемиров. 


Оқи отырыңыз: Тоқаев Алматыда IT мен шахмат мектеп-интернатын салу ұсынысын қолдады


Комитет сарапшысының айтуынша, тілдер бөлінісінде квота бөлу, сыныптарды жабдықтау, жаңа мектептер ашу мәселелерін министрлік емес, қамқоршылық кеңесі шешеді. 

"Түсіндіретін бір ғана мәселе бар. Дәлірек айтқанда, министр гранттарды тағайындау жөніндегі комиссияның төрағасы екені тарихи түрде қалыптасқан, алайда оның сыныптарға қабылдау, сыныптарды жинақтау және оны ашу саясатын анықтауға құқығы жоқ. Сондықтан төраға қызметі қайта қаралады. Негізгі шешімдерді қабылдайтын адамдар конкурс комиссиясына төрағалық етуі керек", – деді ол. 

Еске салсақ, Алматыда НЗМ 7-сыныбына қазақ тілінде емтихан тапсырған оқушылардың ата-анасы наразылық білдірді. Олардың айтуынша, биыл қазақ және орыс сыныптарына 100 грант бөлінді. Сонымен қатар қазақ тобына түсуге үміткерлер – 1 483 адам, ал орыс тобына – 695 адам. Қазақ тобында бір грантқа 15 бала, ал орыс тобында жетеуі үміткер болып отыр. Ата-аналар бұл әділетсіз деп санайды. Осы орайда, олар мемлекеттен қосымша грант бөлуді сұрады. 


Оқи отырыңыз: Педагогтерді өңірлерге тарту бағдарламасына сол облыс мұғалімдері де қатыса алады