Оңтүстіккореялық Blackpink тобы YouTube арнасында жаңа рекорд орнатты
Топтың арнасындағы бейнежазбалардың қаралымы 30 миллиардтан асты.K-pop жанрындағы Black pink қыздар тобының YouTube арнасы ең көп қаралым жинап, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Бұл туралы Оңтүстік Кореяның "Рёнхап" агенттігі хабарлады.
Топтың ресми арнасындағы қаралым 30 миллиардтан асқан. Көрсеткіш жағынан топ бұрынғы көшбасшы Джастин Бибердің арнасынан озып кетті. Ал YouTube желісіндегі Black Pink жазылушыларының саны 86,9 миллион адамнан асқан.
Арнадағы "Ddu-du Ddu-du" әнінің бейнебаяны 2 миллиард қаралым жинаған.
"Топтың осындай рекордқа жетуі үшін шамамен 6 жыл, 9 ай қажет болды", - деп хабарлады агенттік.
Жаңа жетістік оңтүстіккореялық топтың қоржынындағы Гиннес кітабына енген 21-рекорды саналады. Бұған дейін квартет "Spotify желісіндегі әлемдегі ең танымал қыздар тобы", "Ұлыбритания мен АҚШ-тың негізгі альбомында бірінші орын алған алғашқы K-pop қыздар тобы" ретінде бағаланған.