Оңтүстік Кореяның Солтүстік Чолла провинциясында 25-ші Дүниежүзілік скауттар жиынының ашылу салтанатында аптап ыстықтан зардап шеккен 108 адам ауруханаларға жеткізілді.

Сәрсенбі күні кешке "Жастардың мәдени олимпиадасы" деп аталатын жаһандық жиынның ашылу салтанаты өтті. Биыл 158 елден 43 000-ға жуық жас скаут елдің оңтүстік-батыс жағалауында өткен шараға жиналды. Бұл туралы Yonhap News жазды.

Ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, аптап ыстықтан барлығы 108 қатысушы зардап шеккен. 31 адам бас ауруы мен іштің ауыруы шағымдарымен медициналық көмекке жүгінген. Екі адам медициналық мекемеде емделіп жатыр.

Ұйымдастыру комитеті қосымша 30 дәрігер мен 60 медбикені көмекке шақыратынын, төсек санын 220-ға дейін көбейтетінін айтты. Қазір мұнда 70 төсек-орын бар. Шараның қорытынды бөліміне аз уақыт қалғанда бірнеше адамның есінен танып қалғаны хабарланды. Өрт сөндірушілер шараны тоқтатуды талап еткен.

Кейін ұйымдастыру комитетінің өкілдері скауттарды ыстықтан қорғау үшін қосымша шаралар қабылдауға уәде берді. Провинцияда ыстық ауа райы шара аяқталғанға дейін сақталуы мүмкін.


Оқи отырыңыз: Ыстықтан қорғану үшін не істеу керек? Денсаулық сақтау министрлігінің кеңесі