Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматтары 2026 жылғы ақпан айының соңына дейін айыппұлсыз елден шыға алады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлап отыр.

Министрліктің мәліметінше, Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Оңтүстік Кореяның Әділет министрлігі ерікті түрде елден шығу бағдарламасының уақытша шеңберін кеңейту жөнінде келісімге келген.

Алайда бұл бағдарлама қылмыстық құқықбұзушылық жасаған, мәжбүрлеп елден шығаруға жататын, сонымен қатар 2025 жылғы 1 желтоқсаннан кейін заңсыз мәртебеге түскен шетел азаматтарына қолданылмайды.

"Бағдарламаға қатысу үшін жарамды төлқұжат, өз еркімен елден кету туралы өтініш және әуе билеті қажет. Алдын ала хабарлама Оңтүстік Корея Республикасының иммиграциялық кеңселері арқылы ұшу күніне дейін 15–3 күн бұрын берілуге тиіс", – делінген хабарламада.