Тапсырма 2021 жылдың қараша айында берілсе де, әкімдіктер әлі күнге дейін 155 мектептің құрылысына жер бөліп бермеген, деп мәлімдеді оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев. 

"2021 жылы 90 мыңнан аса орынға мектеп салынуы тиіс болатын. Алайда былтыр 163 301 орны бар 277 мектеп пайдалануға берілді. Мұны жақсы көрсеткіш деп есептеуге болады. Ал 2022 жылы 214 538 оқушыны орынмен қамтитын 225 мектепті іске қосу жоспарланып отыр. Осы мақсатта жергілікті органдарға жалпы сипаттағы республикалық трансферттер есебінен 104 млрд теңге берілді", – деді Ғани Бейсембаев. 

Алайда осы бөлінген қаржының 28 пайызы ғана игерілген. Қаржыны игеру бойынша антилидерлер – Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қызылорда облыстары. Вице-министрдің айтуынша, әкімдіктер әлі күнге дейін жаңа мектептер салу үшін жер учаскеcін бөліп бермеген. 


Оқи отырыңыз: Бас прокуратура: Кей өңірде оқушыларды бұрын сотталған азаматтар тасымалдаған


"Мысалы, 2025 жылдың соңына дейін объектілердің 26 пайызы немесе 155 мектептің құрылысы жер учаскесімен қамтамасыз етілмеген. Тиісті тапсырма 2021 жылдың қараша айында берілді. Үш ауысымдағы және апатты мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешуге мүдделі әкімдіктердің не себепті жайбарақаттылық танытып отырғаны түсініксіз. Шымкент қаласы, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында жер учаскесінің болмауы күрделі жағдай туғызып отыр. Осыған байланысты барлық әкімдік мектеп құрылысы үшін қажет жер учаскесін бөлу мәселесін қысқа мерзімде шешуі қажет", – деп қосты вице-министр. 

Мұнымен қатар, ведомство өкілі алдыңғы жылы 42 мектептің уақытылы қолданысқа берілмегенін атап өтті. Биыл осы мектептердің отызы толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Ішінде тоғызы 1 маусымға дейін енгізілді. Вице-министрдің айтуынша, қазір құрылыстың жүргізілу деңгейі 50-90% арасында. 

"Биылдың өзінде барлық мектеп уақытылы біте ме, бітпей ме деген күмән бар. Алдыңғы жылы бітуі тиіс мектептер құрылысының өзі өте баяу жүріп жатыр. Оның үстіне 155 мектепке әлі жер учаскесі бөлінбеген. Соның ішінде Батыс Қазақстанда 20 мектептің төртеуіне ғана жер учаскесі бөлінген. Қолымызда қалған 16 мектептің жер учаскесі бойынша ақпарат жоқ. Қалай түсінуге болады? Жер жоқ па? Жер жетпей жатыр ма? Дәл осылай Түркістан облысында 17 мектеп, Шымкент қаласында 18 мектепке жер бөлінбеген. Басқа өңірлер бойынша да дәл осындай проблемалар бар. Оны осы жылдың желтоқсан айына дейін шешуіміз керек. Екіншіден, өңірлер қаражаттың жетпейтіні туралы жиі айтады. Бірақ қазірдің өзінде республикадан бөлінген қаражаттың 28 пайызы ғана игеріліп отыр. Әрине, бұл мәселенің тікелей білім басқармаларына қатысты емес екенін жақсы түсінемін. Мектеп салу мәселесі құрылыс басқармаларына тікелей тиесілі. Бірақ осы мәселені бірге шешуіміз керек. Биыл 220-дан астам мектепті балаларға өз уақытында тапсыруымыз керек", – деді оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов. 


Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: Оқу сағаттарын жасырып, өз адамдары арасында бөліп беретін директорлар көп