Олар қан мен іздерді өшірді: Прокурор Бишімбаевқа аммиак не үшін қажет болғанын болжап айтты
Айыптаушы тарап айыпталушылар қылмыстың ізін жасыруға тырысты деп есептейді.Прокурор Айжан Аймағанова сотта Қуандық Бишімбаев пен Бақтыжан Байжановтың Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты айғақтарды қалай жоюға әрекеттенгенін айтып берді.
Сот отырысында прокурор Бақытжан Байжановтың қулық пен ойластырылған ұстанымды таңдағанын атап өтті. Бишімбаевты қысым көрсетті деп айыптай отырып, сонымен бірге оның айғағын растайды. Аймағанова Бишімбаев пен Байжанов Салтанат Нүкенованың денесінен құтылғысы келетінін айтты.
"Ол үшін олар Салтанат фитнес-орталықта жүргендей, сол жерден үйіне қайтқандай кейіп танытты. Ол кезде Салтанат көз жұмып қойған. Яғни, Салтанаттың телефонының қозғалысын арнайы құрылғы арқылы бақылап отырсаңыз, Салтанат сол уақытта тірі болғаны және Бишімбаевтың кісі өлтіруге қатысы жоқ болып көрінеді. Енді, сараптама бойынша Нүкенова әлдеқашан көз жұмған кезде, сағат 15.00-ден кейін Бишімбаев аммиак әкелуді неге сұрайды? Қайтыс болған адам аммиактан оянбайды", – деді Айжан Аймағанова.
Оның айтуынша, аммиак кез келген иіс пен ізді жою мақсатында қажет болған. Ол Нүкенованың саусақ іздері VIP кабинада болмағанын, оның ішіндегі стақандар мен бөтелкелерден табылмағанын атап өтті. Бишімбаев сол жерде Салтанат екеуі шампан ішіп, түні бойы сонда болғанын айтқан. Нүкенова ең болмағанда есік тұтқасын, үстел мен орындықтарды ұстауы керек еді.
"Салтанаттың денесінен ізі мен қаны аммиакпен жойылды. Көріпкелге Салтанатта бәрі жақсы екенін жазуды өтініп, бепантен сатып алуды өтінген көптеген қоңыраулар да Бишімбаевқа алиби жасау үшін қажет болды", – деді прокурор.
Прокурордың айтуынша, Байжанов Нүкенованы сол күйінде үш реттен артық көрген. Әртүрлі уақытта үш реттен астам рет Салтанат бір күйде болған, бірақ Байжанов бірдеңе дұрыс емес екенін түсінбеген.
Аймағанова тергеушілер де қылмыс болған жерден қызғылт және түрлі-түсті жейделерді таппағанын айтты.
"Салтанат көшеде көлікке дәл осы заттармен отырады. Осы заттар: қызғылт жейде, аммиак жоқ. тергеушілер бұл заттарды тапқан жоқ. Бишімбаевтың Байжановтан көліктен қағаз пакетті алуын сұрағанын еске түсірейік", – деді Айжан Аймағанова.
Прокурор Бишімбаев қылмыстың ізін жасырмақ болғанын айтты. Артынша жедел жәрдем шақыру кезінде Байжанов екеуі Нүкеноваға көмектескендей кейіп танытқан.